Қарағандыдағы өрт: ауылдарда төтенше жағдайға арналған техникалық-материалдық база жоқ

09.10.2024 15:06

Өртенген жайылым жерлердің нақты аумағы да анықталып жатыр

Қарағанды облысына қарасты Қарқаралы ауданында дала өрті оқшауланып, жағдай тұрақталды. Бірақ тұрғындар жайылым жерлердің жарамсыз күйге түскеніне қапалы. Сондай-ақ ауыл азаматтары шағын елдімекендердің төтенше жағдайға дайындығын сынға алды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бұл – Қарқаралы ауданына қарасты Қарабұлақ ауылы. 600-ден астам тұрғыны бар аядай елдімекен қызыл жалын беттеп келе жатқанын 7 қазанда кешкі сағат 18:00 шамасында аңғарған. 40-қа жуық тұрғын қолына тиген құралдарды ұстап, бірден өртті сөндіруге аттанады. Мамандар қосылып, алапат өрт бірнеше сағаттық арпалыстан соң оқшауланған. Жергілікті жұрт ендігі уақытта шалғай ауылдарда төтенше жағдайға арналған техникалық-материалдық базаны жетілдіре түсу қажет екенін айтты.

"Ауылды көк түтін басты. Алыстан өртті көрген азаматтар бірден сонда жүгірді. Адамдар қолына түскен затпен, тіпті киімдерімен ұрып, өшіріп жатты. Ауылдарда өрт сөндіретін құралдарды көбейту керек деп ойлаймын", – деді Қарабұлақ ауылының тұрғыны Шолпан Ахметова. 

Тұрғындар "жайылым жердің біршама бөлігінің өртке оранғаны қынжылтып отыр" дейді. Мал шығыны жоқ.

"Ер азамат болған соң көппен бірге өртті сөндіруге қарай жүгірдім. Ауылдар әлі де өрт сөндіретін техникамен толық қамтылмаған. Қолымызға тиген затпен сөндіріп жаттық. Содан кейін әскерилер, өрт сөндірушілер келді", – деді Қарабұлақ ауылының тұрғыны Ақжол Серікжан.

Қарқаралы ауданынан басталып, Павлодар өңіріне дейін жеткен қызыл жалын кеше түбегейлі оқшауланды. Дегенмен мамандар аумақтарды бақылауға алған. Өртті өшіруге 306 адам және 37 техника жұмылдырылды. Қазірдің өзі өңірде тікұшақтар аумақты бақылап жүр.

"Теректі ауылында жедел штаб әлі жұмыс істеуде. Кез келген сұрақ бойынша 8-72-146-31-3-66 жедел желі нөміріне хабарласуға болады. Бәрі бақылауда,  тұрғындарды сабырлы болуға шақырам", – деді Қарқаралы ауданының әкімі Әділжан Арғынов. 

Қазіргі таңда апат салдары анықталып жатыр. Тиісінше, өртенген жайылым жерлердің нақты аумағы да белгілі болмақ. Ал жергілікті билік жайылымсыз қалған шаруаларға ауыртпалық түспеуі үшін тиісті жұмыстар жуырда басталады деп сендірді.

Мақсат Бейсенаев, Қарағанды облысы

Оқи отырыңыз: Қарындасының тыныштығын бұзған атыраулық азамат қамауға алынды