Кармен: басты кейіпкер рөлін италиялық тенор Алессандро Фантони сомдады

Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрында танымал «Кармен» операсы қойылды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрында танымал «Кармен» операсы қойылды. Басты кейіпкер рөлін сомдау үшін италиялық тенор Алессандро Фантони Алматыға арнайы келді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Алессандро Фантони – Еуропаның жетекші опера театрларында өнер көрсетіп жүрген кәсіби италиялық әртіс. Оның бұл жолғы гастрольдік іс-сапары Алматыда өтті. Ол «Кармен» шығармасының бас кейіпкері Дон Хозенің рөлін сомдады. Бұл туынды – қос ғашықтың махаббат жолындағы түрлі шиеленісін сахналайтын опералық картина.

«Менің кейіпкерім Дон Хозе – өте қарапайым жігіт. Өз отбасы үшін өмір сүретін азамат. Ол Кармен есімді сұлу бикешті жолықтырып, оған ессіз ғашық болып қалады. Қойылым желісі осы екі кейіпкердің махаббат хикаясымен өрбиді. Бұл спектакльді Алматыда қойып, осындай әдемі театр сахнасында өнер көрсетіп жатқаныма қуаныштымын. Мені осында шақырған әріптестерге алғысым шексіз», – деді опера әншісі Алессандро Фантони.

«Кармен» туындысының негізгі кейіпкерлерінің бірі – Микаэла. Ол – өте нәзік, сылқым ару. Бас кейіпкер Дон Хозенің Карменге дейін жолықтырған махаббатын Абай атындағы Қазақ Ұлттық опера және балет театрының жетекші солисі Наталья Мезина сомдап шықты.

«Шетелден келген әртістермен жұмыс істеу әрдайым қызық. Өйткені, тәжірибе алмасу арқылы өзімнің жаңа қырларымды ашамын. Не дегенмен, олар – қаншама әлемдік сахналарда ән салып, ойнап көрген кәсіби өнер иелері. Бүгінгі қойылымды француз тілінде, яғни түпнұсқасында орындадық. Жұмыс процесі ерекше күш-қуат сыйлап, жаңа нәрсе үйренуге мүмкіндік берді», – деді Абай атындағы қазұобт опера труппасының жетекші солисі Наталья Мезина.

Алессандро Фантони алматылық көрерменнің қошеметіне бөленіп, жоғары бағаға ие болды. Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрында қойылған бұл спектакль көркемдік деңгейімен, ауқымды сахналық бояуымен және кәсіби орындаушылық құрамымен ерекшеленді.

Айдана Шалқар, Мейрам Исабеков

Новости партнеров