Қорғаушының сөзінше, Абзал Шынасылдан жерлеу рәсіміне кеткен шығын ретінде 2 млн 794 мың теңге талап етілуде
Шерзат Полаттың әкесі Қаржаубай Нұрымов айыпталушылардан моральдық және материалдық шығын талап етті, деп хабарлайды Almaty.tv.
Түстен кейінгі отырыста жәбірленуші тараптың адвокаттары өтініш-арыз берді. Қорғаушының сөзінше, Абзал Шынасылдан жерлеу рәсіміне кеткен шығын ретінде 2 млн 794 мың теңге талап етілуде. Абзал Шынасыл мен Равиль Сакиевтен жәбірленуші Қаржаубай Нұрымовтың, Шерзаттың анасы мен әжесінің пайдасына, әрқайсысына 100 млн теңгеден моральдық зиян өтеу сұралды. Яғни, екі айыпталушыдан 150 млн теңгеден талап етіліп отыр. Ал өзге сотталушылардан жалпы сомасы 120 млн теңге өтемақы өндіру туралы өтініш берілді. Алайда айыпталушы тараптың қорғаушылары да, сотталушылар да талап-арызды қанағаттандырмауды сұрап отыр.
«Біз моральдық зиян, жан азабын шегіп, психологиялық зерттеу қорытындысымен негіздеп отырмыз. Демек 57 номерлік істі сот кабинеті арқылы сотқа ұсындық», – деді жәбірленуші тараптың адвокаты Мейірман Шекеев.
«Құрметті сот, бұл талаптан бас тартуыңызды сұраймын. Себебі, өздеріңіз көргендей, видео, фото зерттеуде Полат Шерзатқа жақындаған жоқпын. Ұрған да жоқпын. Мен тек Ғайыпбаевты 2-3 рет тепкем. Үш рет тепкенім үшін 150 млн теңге болып тұр, бас тартуыңызды сұраймын», – деді айыпталушы Равиль Сакиев.
Мейірман Шекеев оқиғаға куә болған 2 қызды қайта шақыруды өтініш жазғанын еске салайық.