Каспий теңізінде балық өсіру ісі жолға қойылмақ

Жоба аясында 80-нен аса жаңа жұмыс орны ашылады

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Елімізде аквашаруашылық саласы дамып, балық өсіру ісі жолға қойылмақ. Енді Каспий теңізінде арнайы торлы қоршаудың ішінде албырт балығы өсіріледі, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Құрық портында теңіз аквашаруашылық жобасының алғашқы кезеңі басталды. Орталық Азияда бірінші рет жүзеге асып жатқан бастама өңір экономикасын дамытуға айтарлықтай әсер етпек.

«Мемлекет тарапынан беріліп отырған қаржы – инвестор мен мемлекеттің ортасындағы бірігіп келген мәміленің нәтижесі. Негізгі бұны кететін жағы экспорт. Себебі европа мемлекеттері білесіздер, балықты жақсы сатып алады және қымбат бағамен сатып алады. Ол –жаңа жұмыс орындары, жаңа өндірістік мәдениет, Қазақстанға түсетін салық», – деді Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай 

Каспий теңізіне аквашаруашылықты өркендетуге сеп болатын 3 торлы қоршама түсірілді. Әрқайсысының айналымы - 120, тереңдігі - 25 метр. Арнайы зәкір жүйесінен тұратын жабдық Норвегияда жасалған. Мұнда албырт тұқымдас балығы өсіріледі. Шабақтарға күз, қыс айларында экологиялық таза жем беріледі. Аквашаруашылық жобасы Еуропа еліндегі салалық институттың көпжылдық ғылыми зерттеулеріне негізделіп әзірленген. Мамандардың айтуынша, судың салқын температурасы мен тұздылығы балық өсіруге өте қолайлы әрі теңіз бетіне орнатылған құралдардың сапасы да жоғары.

 «Бұдан ары қарай шабақты әкеліп, оны өсіру керек. Жұмыстардың нәтижесін келесі жылы көктемде көреміз. Болашақта бұл – үлкен бір өндіріске, мұнай саласы сияқты үлкен өндіріске айналады деген сенімдеміз», – деді жобаның құрылтайшысы Нұрдәулет Бекішев.

Жоба бойынша алғашқы жылдары 1600 тонна өнім шығару жоспарланып отыр. Кейін 5 жылда бұл көрсеткішті 5000 тоннаға дейін ұлғайту көзделген.

Жасұлан Мұқан, Мұқағали Нұрдәулет, Маңғыстау облысы

Оқи отырыңыз: Маңғыстауда ветеринария қызметі 53 жаңа автокөлікпен толықты

Новости партнеров