Каспийде итбалық жаппай қырылып жатыр

Мамандар 160-тан астам сүтқоректіні анықтап, жоюмен айналысатын мекеме қызметкерлеріне хабарлаған

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Каспийде итбалық жаппай қырылып жатыр. Қоғам белсендісі Азамат Сәрсенбаев Түпқараған ауданына қарасты Көсе мүйісіндегі теңіз жағалауынан 50-ге жуық су жануарының өлексесін тапқан, деп хабарлайды Almaty.tv.

Ал одан екі күн бұрын аталған аумақтан мамандар 160-тан астам сүтқоректіні анықтап, жоюмен айналысатын мекеме қызметкерлеріне хабарлаған.

Айта кетейік, облыстық балық инспекциясы кейінгі аптада 279 итбалықтың жағаға шығып қалғанын айтты. Өкініштісі, былтыр да шығын аз болмаған. Теңіз маңында мониторинг жүргізген мамандар өткен жылы жағалаудан 2 мыңнан астам су жануарын өлі күйінде анықтаған.

«Табылған өлекселердің ішінде балықшылардың құралына оралып қалғандары да бар. Қазір желдің екпіні күшті, күн батыстан, яғни теңізден соғып тұр. Экологтар, басқа да мамандар итбалықтың қырылуына түрлі себеп айтып жатыр. Біреуі теңіздің ортасындағы мұнай компаниялары кінәлі десе, кейбірі теңіз тартылып, жануарлардың иммунитеті әлсірегеннен деп болжайды», – деді қоғам белсендісі Азамат Сәрсенбаев.

Мамандардың болжамы бойынша, кейінгі аптада табылған итбалықтар қараша-желтоқсан айларында өлуі мүмкін. Олардың сөзінше, өлекселер желдің бағытына қарай жағалауға шығып қалып жатыр. Былтыр осындай фактілер теңіздің арғы бетіндегі көрші мемлекеттерге тиесілі Каспийдің акваториясынан анықталған.

 «Итбалықтар шіріп, жағаға шығып жатыр. Сынама алу мүмкін емес. Бірақ енді өкінішке қарай, факт бар. Денесінде ау құралдарымен бірге табылып жатқандары да бар, 13 данасы анықталды. Денесінде жарақат бар ма, жоқ па, қатты шіріп кеткендіктен оны анықтау мүмкін емес», – деді Балық инспекциясы басқармасының бөлім басшысы Қонарбай Базарбаев.

Оқи отырыңыз: Павлодарда мемлекетаралық іздеуде жүрген шетелдік ұсталды

Новости партнеров