Жоспардағы 3 айлақ қосылса, контейнер тасымалы жылына 150 мыңға артады
Каспийдегі жүк тасымалы арта түсті. Порттардың ауқымын арттыру үшін жаңа айлақтар салынып, қолданыстағылары жаңғыртылып жатыр. Биыл Ақтау порты арқылы 6 миллион тоннаға жуық жүк өткізу жоспарланған. Ал Құрық су айлағы жылына 7 миллион тоннаға дейін жүк өткізе алады. Мүмкіндікті арттырумен қатар, порттарды цифрландыру жұмыстары да қарқын алған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Ақтау порты – еліміздің Каспийдегі басты теңіз қақпасы. Қазір мұнда жылына 11 миллион 800 мың тоннаға дейін жүк қабылдап, жөнелтуге мүмкіндік бар. Биылғы меже – 5 миллион 909 мың тонна. Жүк тасымалындағы негізгі бағыттардың бірі – Баку. Екі ел арасындағы теңіз қатынасын күшейту үшін флот та толықтырылып жатыр. Биыл портқа тағы үш кеме қосылып, тұрақты қатынайтын кемелер саны 10-ға жетті.
«ТМТМ бағыты бойынша контейнерлік жүк тасымалы қарқын алып келеді. Өткен жылы 63 мың жиырма футтық эквиваленттегі (TEU) контейнер тиелсе, бүгінгі таңда 93 мың контейнерге дейін жеткізуге мүмкіндігіміз бар. Сонымен қатар 2028 жылға қарай Қазақстан тарапынан қатынайтын суднолар санын 10-нан 20-ға дейін ұлғайту жұмыстарын жүргізіп жатырмыз». – деді «Ақтау халықаралық теңіз сауда порты» ҰК басқарма төрағасының міндетін атқарушы Ғалым Айтжанов.
Каспийдегі су деңгейінің төмендеуіне байланысты теңіз түбі тереңдетіліп, алынған 1 миллион 300 мың текше метр топырақ пен тас жаңа айлақтардың құрылысына пайдаланылуда. Қазір портта 8 айлақ бар, тағы екеуі салынып жатыр. Жоспардағы 3 айлақ қосылса, контейнер тасымалы жылына 150 мыңға артады. Құрық портында да жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр. Жылына 7 миллион тоннаға дейін жүк өткізе алатын су айлағы цифрландырылып, кемелерді қабылдау мен жөнелту уақыты қысқарған.
«Айлақтарды модернизациядан өттті. Оның арқасында кемелердің тұру уақыты қысқарды. Бұрын мысалы 18 сағат кеме тиелетін болса, енді 12 сағатта кемелер жіберіледі», – деді Құрық портының бас директоры Еркін Нығметов.
Құрықтағы жаңғырту мұнымен тоқтамайды. Паромдар паркі де ұлғаяды. 2028 жылға дейін Қазақстан туы астында тағы 5 жаңа паром іске қосылады. Яғни Каспийдегі теңіз дәлізі кеңейіп келеді.
Жаңа айлақ, жаңа кеме, қысқарған рәсімдер – барлығы жүк тасымалын жеделдетуге бағытталған.
Жасұлан Мұқан, Мұқағали Нұрдәулет, Маңғыстау облысы
Оқи отырыңыз: АҚШ Қазақстаннан тікелей әуе рейсін ашу үшін тексеріс бастады