Каспий құбыр консорциумының құрылғылары екі айдан кейін толық қалпына келтіріледі - министр

28.01.2026 18:44

Ерлан Ақкенженов жаңа екі айлақ құрылғысын Біріккен Араб Әмірліктерінен алдыратынын жеткізеді

Каспий құбыр консорциумының дрондар шабуылынан зардап шеккен құрылғылары екі айдан кейін толық қалпына келтіріледі. Бұл туралы Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Оның айтуынша, қазір каспий құбыр консорциумы екі айлақ құрылғысымен толық қуатта жұмыс істеп тұр. Ал бұрын шабуылға ұшыраған нөмірі екінші айлақ құрылғысы жартылай су астында екен. Министрдің айтуынша, ауа райының қолайсыздығы мен теңіздегі күшті дауыл салдарынан оны қалпына келтіру әзірге мүмкін емес.

Ерлан Ақкенженов жаңа екі айлақ құрылғысын Біріккен Араб Әмірліктерінен алдыратынын жеткізеді.

«Олар шамамен 30 күннен кейін Қазақстанға жеткізіледі. Монтаж және демонтажға тағы 40 күн қажет болады. Осылайша, шамамен 70 күн ішінде Каспий құбыр консорциумы үш айлақ құрылғысымен жұмыс істей бастайды. Қазір Каспий құбыр консорциумы жобалық қуатпен толық жұмыс істеп тұр. Есептеулер бойынша негізгі жұмыс үшін екі айлақ құрылғысы жеткілікті, ал үшінші айлақ құрылғысы әрдайым резервте болған. Қазір терминал күн сайын екі толық танкерді тиеуде, сондықтан қауіпті жағдай жоқ», – деді ҚР Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов.

Оқи отырыңыз: Жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру: ІІМ "Адал полицей" акциясын өткізді