Катонқарағайдағы «Рахман қайнары» шипажайы қашан қайта іске қосылады

Жергілікті билік өкілдері мұнда жыл бойы жұмыс істейтін, әлемдік деңгейдегі кешен салмақ

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Құлыптаулы ғимараттар мен қараусыз қалған аумақ. Шығыс Қазақстандағы әйгілі «Рахман қайнары» шипажайы бірнеше жылдан бері қаңырап тұр. Мұнда әлемнің түкпір-түкпірінен мыңдаған турист келгенімен, олардың қонып, тынығуына жағдай жасалмаған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Нидерландтан келген Моник пен жұбайы әлемнің талай елін аралаған. Осы күзде олар Алтайдың асуларын жеке көлігімен аралап жүр. Ерлі-зайыпты сапар бағытын Катонқарағайдың төріндегі радонды ыстық бұлақтар мен Мұзтау етегіндегі мөлдір көлді көру үшін арнайы келіпті. Өңір табиғатына тәнті болған саяхатшылар көлігін қыста Астанада қалдырып, келесі көктемде сапарын жалғастырмақ.

«Қазақстанның табиғаты ғажап! Осы көлігімізбен саяхаттап жүргенімізге төрт ай болды. Елдің шығысын көру үшін арнайы келдік. Бұрын бұл өңірде болмағанбыз. Әсіресе «Рахман қайнары» көлді көргіміз келді. Марқакөлге де барып үлгердік. Бұл өлкенің табиғатына ғашық болдық», -деді турист Моник Веллерс (Нидерланд)

Алтайдың тұмса табиғатын тамашалауға әлемнің әр қиырынан саяхатшылар жиі келеді. Биыл күзде «Рахман қайнарына» жаяу саяхаттауды ұнататын жүздеген турист жиналған. Өңірдің көрікті жерлерін аралауға арнайы топ болып келгендер де бар.

«Біз жаяу саяхаттау үшін келдік. Катонқарағай, соның ішінде «Рахман қайнары» - мұндай демалысқа таптырмас жер. Ауасы тап-таза, көрінісі керемет. Табиғатының сұлулығын сөзбен айтып жеткізу қиын. Сондықтан Шанхайдан үлкен топ болып келдік», - деді турист Джан Яо (Қытай).

Алайда осы әсем табиғат аясындағы шипажайдың жағдайы көңіл көншітпейді. Өңір туризміндегі маңызды нысандардың бірі жылдар бойы қараусыз тұр. Шипажай 2021 жылдан бері демалушыларды қабылдамайды. Бұған дейін кешен автокөлік құрастыратын ірі компанияға тиесілі болған. Қаржылық алаяқтық деректеріне қатысты қылмыстық істерден кейін кәсіпорынның мүлкі мемлекет меншігіне өткен. Бірақ содан бері бірнеше жыл өтсе де шипажайды қайта іске қосылмады.

Әзірге шешімін тапқан жалғыз мәселе - жол қатынасы. Шипажайға апаратын тау жолының 13 шақырымына асфальт төселді. Енді мұнда жеңіл көлікпен де жетуге болады. Жол ашылғанымен, демалыс үйлерінің есігі жабық. Билік өкілдері жағдайдың жақын арада өзгеретінін айтып отыр.

«Қазір бұл мәселені қала экономикасының тірегі саналатын «Қазмырыш» кәсіпорнымен пысықтап жатырмыз. Шешуді қажет ететін мәселе көп. Дегенмен жақын арада тиісті келісімшарттарға қол қоямыз. Келер жылы мұнда еліміздің игілігіне қызмет ететін жаңа шипажай салынады», -  деді ШҚО-ның әкімі Нұрымбет Сақтағанов.

Жергілікті билік өкілдері мұнда жыл бойы жұмыс істейтін, әлемдік деңгейдегі кешен салмақ. Бірақ әзірге келіссөздер жалғасып жатыр, құжаттарға әлі қол қойылмапты. Ал бірегей көл мен радонды бұлақтарды көруге келген туристер демалысын өз бетінше ұйымдастырып жүр.

Айжан Дайрабай, Руслан Мухамедияров

Оқи отырыңыз: Алматы – 500 мың: балаларды қысқы спортқа баулу шаралары қолға алынуда