Оқиға Ақтау қаласындағы «Бриз» яхта-клубы маңында үгіт-насихат және профилактикалық іс-шаралар өткізу кезінде болған
Каспий теңізінде қатты жел салдарынан жағалаудан алыстап кеткен бес адамды Төтенше жағдайлар министрлігінің мамандары аман-есен құтқарып қалды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Оқиға Ақтау қаласындағы «Бриз» яхта-клубы маңында үгіт-насихат және профилактикалық іс-шаралар өткізу кезінде болған. SUP-тақтамен серуендеп жүрген бес адам қатты желге тап болып, 2,5 шақырым қашықтықта ашық теңізге шығып кеткен. Өздігінен жағаға орала алмаған демалушыларға Жедел-құтқару жасағының қызметкерлері көмекке келген.
"Құтқарушылардың жедел әрекетінің арқасында бес адам жағаға дін аман жеткізілді. Ешқайсысына медициналық көмек қажет болмады", - деп жазды ТЖМ баспасөз қызметінен.
Төтенше жағдайлар министрлігі азаматтарды желді және дауылды күндері суға шыққанда абай болуға, міндетті түрде құтқару кеудешелерін киюге және ауа райын мұқият бағалауға шақырады.
Оқи отырыңыз: Ақтөбеде 13 жастағы жасөспірімді КамАЗ қағып өлтірді