Қауіпті ойын алаңы: Атырауда бүлдіршіннің басы жарылған

22.07.2025 20:50

Жергілікті билік өкілдері ата-аналардың арызымен шенеуніктер келіспейді

Атырауда пайдалануға берілгеніне небәрі бір ай болған ойын алаңы қауіпті болып шықты. Өйткені 4 жастағы бүлдіршіннің басы жарылып, денесіне зақым келген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Маңайдағы ойын алаңында ұлының құлағанын айтқан әйелдің шағымы әлеуметтік желіде кең тарап үлгерді. Ол орталықтағы балалар ойнайтын жерде қауіпсіздік ережесі мүлдем сақталмағанын айтты. Үш баласын алаңға апарған ана 4 жастағы ұлының мұндай жағдайға ұшырауына құрылыс жүргізген азаматтар кінәлі деп санайды. Ол «басы жарылып, көп қан жоғалтқан баламды дәрігерлер аман алып қалмағанда, не боларын білмеймін?» дейді.

«Баламның терісі жыртылған деп басын тікті. Ойын алаңын неге қоршамайды? Әткеншекті де адам жүретін жерге қойған, дұрыс орнатылмаған», – деді қала тұрғыны Ақерке Алдиярова.

Ақерке сияқты өзге де ата-аналар жаңадан пайдалануға берілген ойын алаңының қауіпті екенін айтады. Әткеншектердің ыңғайсыздығына шағым айтқан көпшілік аталған орынды қайта тексеруден өткізуді сұрайды.

«Балалардың қауіпсіздігі бәрімізге қымбат. Жан-жағын қоршау керек», – деді қала тұрғыны Қалам Төлендиева.

64 миллион теңгеге орнатылған ойын алаңы бір ай бұрын пайдалануға берілген. Ал ата-аналардың арызымен шенеуніктер келіспейді. Олар алаңдағы барлық талап тиісінше сақталғанын алға тартады.

«Әткеншек теуіп отырған кезде балаға абайсызда тиіп, жарақат алған болатын. Мұндай жағдайларда толыққанды бала қауіпсіздігіне ата-ана жауапты. Балалар ойын алаңы салынған кезде құрылыс және қауіпсіздік стандартқа сәйкес тиісті талаптарға сай орнатылған. Нысан тапсырылмас бұрын уәкілетті органдармен толық тексерілген», – деді қала әкімінің баспасөз хатшысы Ғасырбек Төлеген

Ата-аналар жаңа ойын алаңында бұған дейін де бірнеше бала түрлі жарақат алған деп отыр. Ал аталған оқиғадан кейін жергілікті полиция тексеруді күшейтпек. Атқарушы органдарға қауіпсіздік талабын сақтау үшін арнайы тапсырма берілген. 

Жұлдыз Қайратқызы, Атыраудан

Оқи отырыңыз: Қостанайда жүздеген саудагер жұмыссыз қалуы мүмкін