Қостанайда жүздеген саудагер жұмыссыз қалуы мүмкін

Базар жаңғырту жұмысына байланысты жабылмақ

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қостанайда жүздеген саудагер жұмыссыз қалуы мүмкін. Жергілікті билік олардан қаланың орталығындағы базарды босатуды талап етіп отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қостанай қаласының орталығындағы базарды көпшілік көптен бері біледі. Бір кездері мұнда тек азық-түлік сатылса, жыл өте ұсынылатын тауар қатары кеңейе түскен. Қазір сауда орнынан қалағаныңды алуға болады. Киім-кешектен бастап, тұрмысқа қажетті заттар, көлікке керек бөлшектер мен көне бұйымдар да осы жерден табылады. Алайда мұның бәрі енді өткеннің еншісінде қалуы мүмкін. Себебі кәсіпкерлерге жақында бұл жерде жұмыс істеуге тыйым салынатыны жөнінде хабар келіп түскен.

«Көпшілігінде несие бар. Неге бір жыл бұрын ескертпеді? Сол уақыт ішінде кәсіпкерлер басқа орын табар еді ғой. Тым құрығанда моральдық тұрғыда дайын болар едік. Бұлай болмайды. Бір-екі емес, жүздеген адамның ісіне кедергі келейін деп тұр», – деді кәсіпкер Алмагүл Ахметова.

Базар жаңғырту жұмысына байланысты жабылмақ. Келер жылдан бастап ереже мен талапқа сай келмейтін сауда орындары заңсыз деп танылмақ.

«Сауда тек стационарлық нысандарда жүзеге асуы керек. Іргетасы қаланып, инженерлік желілерге қосылуы тиіс. Кәріз құдығы бар, суы тартылған, жарық пен жылу жүйесі болуы шарт», – деді Сауда және тұтынушылар құқығын қорғау департаментінің бас маманы Қуаныш Әкіжанов.

Жиналған көпшілік сауда орнын жаңғырту мәселесінің бұған дейін де бірнеше мәрте қозғалғанын айтты. Сондықтан да олар «жұмысымызды тоқтатып, көшуге асықпадық» дейді.

Саудагерлердің пікірінше, базар жұмысын тоқтатудың себебі – басқада. Олар «қала орталығында орналасқан сауда орнына беделді азаматтардың көзі түсуі мүмкін» дегенді алға тартады.

«Жоғарыға қарайықшы. Мұндағы кабельдердің қуаты бұрын жеткілікті болатын. Ал қазір, төмендеп қалды, жаңғырту үшін де аз болып тұр. Сол себепті, мәселені қайта қарау керек», – деді жалға алушылардың өкілі Сергей Белкин.

Бүгінде базарда 245 кәсіпкер қызмет етеді. Оларға жаңа жұмыс орнын табуға көмек берілетіні де хабарланған. Қазірдің өзінде, автобекет маңындағы сауда орнына көшу жөнінде ұсыныс айтылыпты. Бірақ саудагерлер ондағы ісіміз тұралап қалса, барлығын басынан бастаймыз ба деп алаңдайды.

Рүстем Айткәрім, Елисея Томашевская, Қостанайдан

Оқи отырыңыз: Тіршілік нәрінен тарықтық: аптап ыстықта апталап су көрмеген ағайын әкімдік алдына жиналды

Новости партнеров