Жекенің жетегінде кеткен нысандардың қатарында «Орман ресурстары, аңшылықтану және балық шаруашылығы» факультетінің ғимараты бар
Болашақ ұрпақтың игілігіне тиесілі мүлік әділдікпен қайтарылсын. Алматыдағы Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің студенттері мен оқытушылары осындай талап қойып отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қазақстандағы ауыл шаруашылығы бойынша тұңғыш жоғарғы оқу орнында бүгінде 7 мыңға жуық студент білім алып жатыр. Университет басшылығы алдағы жылдары бұл көрсеткішті 10 мыңға жеткізуді жоспарлап отыр. Алайда басты мәселе жатақхана мен оқу корпустарын салуға бос орын жетіспейді. Себебі оқу орнына тиесілі кейбір маңызды нысандар мен жер телімдері белгісіз себептермен жеке меншікке өтіп кеткен.
Атап айтқанда, 3 бірдей жатақхана, 5 ғылыми-зерттеу зертханасы және 6 гектар жер. Оның үстіне, оқу ордасының аумағында тіпті құрылыс жұмыстары басталып, кейіннен тоқтап қалған. Қазір сол ашық-шашық жатқан алаң студенттер мен оқытушыларға қауіп төндіріп тұр.
«Үш ай болдыкомитетке екі рет жүктеме бердік. Комитеттің азаматтары бір рет келген жоқ. Мәселені шешудің ешқандай жолдарын қарастырмай отыр. Сондықтан менің ойымша нақты шешімдерді қабылдауда, не бас прокуратура, не министрліктер ешқандай қадам жасамай отыр», – деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Ерлан Саиров
Жекенің жетегінде кеткен нысандардың қатарында «Орман ресурстары, аңшылықтану және балық шаруашылығы» факультетінің ғимараты да бар. Бұрын әскери кафедра орналасқан бұл ғимараттың бір бөлігі қазір Қазақстан үстел теннисі федерациясына тиесілі. Ал екінші бөлігінде студенттер дәріс алып жатыр.
«Қасындағы факультеттің ғимараты. Ол теннис федерациясына тиесілі. Біз лекция оқылып, сабақ өтеміз. Ал федерация қай кезде болса да ашық, машиналар келеді, кетеді. Бізге кедергі жасап жатыр», – деді Орман ресурстары, аңшылықтану және балық шаруашылығы факультетінің деканы Дани Сәрсекова.
Сондай-ақ 400 орынды жатақхананың бірінші қабаты да жеке компанияға сатылып кеткен. Қазір бұл жерде гүл сататын дүкеннің қоймасы жұмыс істеп тұр. Студенттер бұл аумақтың кешкісін адам қарасы көбейетін, у-шуы басылмайтын орынға айналғанын айтып шағымданды.
«Біздің көтеріп жатқан мәселеміз - осы жатақхананың бір бөлігінің гүл сататын компанияға тиесілі болып кетуі. Негізінен бұрын жатақхана университеттікі болған. Жолдың тар, көлік қозғалысы қиын, адамдардың жүріс-тұрысына кедегі келтіреді. Қыста мұз, көктайғақ қыздардың өтуі қиын болады. У-шу бар, естіп жатқандарыңыздай көлік қозғалысы үзілмейді», – деді Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің студенті Нұрислам Әділбек.
Қазір бұл мәселені шешуге AMANAT партиясы араласып, Бас прокуратура мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттікке арыз жолданған. Дегенмен әзірге нақты нәтиже жоқ. Ал университет ұжымы мен студенттер қауымы болашақ мамандардың білім алуына қолайлы жағдай жасау үшін әділ шешім қабылданатынына сенімді.
Мәди Мәлік. Әлішер Ерғалиұлы
Оқи отырыңыз: Алаяқтық: Жамбыл облысында 300-ден аса қылмыс тіркелген