Жағдайды бақылау үшін автоматтандырылған мониторинг жүйелері енгізілуде
Үкіметтің қорытынды баспасөз конференциялары аясында Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев экологиялық жағдайды жақсарту, қалдықтарды басқару және биоалуантүрлілікті сақтау бағытында атқарылған жұмыстардың нәтижелері туралы баяндады, деп хабарлайды Almaty.tv UKIMET-ке сілтеме жасап.
2025 жылдың қорытындысы бойынша ірі кәсіпорындардың нормативтік эмиссия көлемі 148 мың тоннаға, яғни 2022 жылмен салыстырғанда 7,2%-ға төмендеген. Бұл көрсеткіш ең озық қолжетімді технологияларға көшу есебінен қамтамасыз етілді.
Қоршаған орта жағдайын бақылау мақсатында автоматтандырылған мониторинг жүйелері енгізіліп жатыр. Қазіргі таңда 78 кәсіпорынның 74-і ластану көрсеткіштері туралы деректерді нақты уақыт режимінде жолдауда.
Министрдің айтуынша, елде жыл сайын 4,5 млн тоннадан астам коммуналдық қалдық түзіледі. 2025 жылы оларды қайта өңдеу деңгейі 28,6%-ға дейін өсті.
«Қалдықтарды басқару саласында 63 жоба мақұлданды, оның 22-сі 89,4 млрд теңге сомасында қаржыландырылды. 2030 жылға қарай қайта өңдеу деңгейін 40%-ға жеткізуді жоспарлап отырмыз», — деді Ерлан Нысанбаев.
Сонымен қатар Астана, Алматы және Шымкент қалаларында үш қоқыс жағу зауытын салу жоспарланып отыр. Жобаның жалпы инвестиция көлемі 293 млрд теңгені құрайды. Бұдан бөлек, заңсыз қоқыс орындарымен күрес те қатар жүргізілуде. Биыл ғарыштық мониторинг нәтижесінде 3 827 заңсыз қоқыс орны анықталып, олардың 91%-ы (3 464) жойылған. 2018 жылмен салыстырғанда заңсыз полигондар саны 45%-ға азайған.