Қазақстан халқы тілдері күні: алматылықтар Ахмет Байтұрсынұлының ескерткішіне гүл шоғын қойды

Ахметтанушы ғалымдар мен тарихшылар тың деректерін бөлісіп, мазмұнды баяндамалар жасады

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда Қазақстан халқының тілдері күні мен Ахмет Байтұрсынұлының туған күніне орай еңселі ескерткіш маңында салтанатты ұлықтау рәсімі өтті, деп хабарлайды Almaty.tv.

Салтанатты жиынға тіл білімінің атасы атанған ұлт ұстазының туыстары, зиялы қауым өкілдері мен қала жұртшылығы қатысты. Олар қазақ тіл білімін дамытуда айрықша маңызға ие болған тұлғаға тағзым етіп, гүл шоғын қойды.

Айта кетейік, 1998 жылы 22 қыркүйекте елімізде Тілдер күнін алғаш атап өткен. Дегенмен 2017 жылғы Үкімет қаулысымен бұл мереке 5 қыркүйекке ауыстырылды. Өйткені дәл осы күн – алаш арысы, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы туған күн.

 «Тіл –  ұлттың жаны, рухының үні. Ең құнды дүниесінің алтын қоймасы. Осы күнді тіл мерекесіне арнағанына басшыларға ерекше ризашылығымды білдіремін. Халқымды құттықтаймын», – деді ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Асылы Осман.

Мерекелік іс-шара аясында Ахмет Байтұрсынұлының музей-үйінде еркін форматтағы дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Жиын барысында ғалымның портреттері, тарихи фотосуреттері және әуесқой суретшілердің алаш тақырыбындағы туындылары көрмеге қойылды. Ахметтанушы ғалымдар мен тарихшылар тың деректерін бөлісіп, мазмұнды баяндамалар жасады. Ұлт ұстазын ұлықтау тек дөңгелек үстелмен шектелмей, мегаполистің өзге алаңдарында да жалғасын таппақ.

 «Алматы қаласы әкімі аппаратының Тілдерді дамыту және ономастика бөлімінің ұйымдастыруымен «Ана тілім ардағым» атты үлкен мерекелік кеш өтеді. Соңғы екі жылда жастарға рухани азық болатындай форматта ұйымдастырып жүрміз», – деді Алматы қаласы әкімі аппараты Тілдерді дамыту және ономастика бөлімінің басшысы Бақыт Қалымбет.

Оқи отырыңыз: Елде ғылымды қаржыландыру 3 есе ұлғайды

Новости партнеров