Қазақстан Қырғызстанмен арадағы инвестицияны арттырмақ

22.05.2025 16:19

Екі ел үкіметі арасындағы инвестицияларды тарту және өзара қорғау туралы келісімді ратификациялады

Қазақстан Қырғызстанмен арадағы инвестицияны арттыра түспек. Бүгін сенаторлар екі ел үкіметі арасындағы инвестицияларды тарту және өзара қорғау туралы келісімді ратификациялады, деп хабарлайды Almaty.tv.

Депутаттар «келісім жаңа жобалар үшін мүмкіндіктер ашып, қос елдің экономикалық байланысын нығайтып, аймақтардың тұрақты дамуына үлес қосады» дейді. Құжатта инвестицияларды қорғау, қаражатты еркін аудару және дауларды реттеу тетіктері жазылған. Яғни, қандай да бір төтенше жағдай бола қалса, шетелдік инвесторлар салған нысандарға мемлекет кепілдік бермек.

«Кепілдік – өтемақыны төлеу. Егер экспроприация бар болса, нарықтық құнымен тез төлеу керек. Содан кейін еуро, доллармен қарастырады», – деді ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров.

Айта кетейік, қазір қос ел арасындағы сауда-экономикалық және инвестиция саласындағы екіжақты ынтымақтастық едәуір өсіп келеді. Бүгінде біздің ел – Қырғызстанның үшінші ірі сауда серіктесі. Мәселен, тараптар арасындағы тауар айналымы былтыр 1,71 миллиард долларға жеткен. Қазақстаннан экспорт 9,6 пайызға өсіп, 1,3 миллиард доллар болған. Сенаторлар алдағы уақытта екі елдің нарығын түрлі тауарлармен қамтамасыз етіп қана қоймай, туризм бағытын да дамытуды қамтамасыз ету керек екенін айтты.

«Ірі-ірі мегаполистерді тауармен қамтамасыз етуде және тауарларымызды бәсекеге қабілетті етуге жағдай жасау деп ойламын. Бұл жердегі ең басты мақсат – кез келген тауардың, көрсетілетін қызметтердің сапасы дұрыс болуы керек. Сол үшін келісімді ратификацияладық», – деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Ғалиасқар Сарыбаев.

Оқи отырыңыз: Қазақстан ғарыш қызметін экспорттаушы мемлекетке айналуы тиіс - сенатор