Қазақстан онлайн қызмет көрсету индексі бойынша ондыққа енді

04.09.2025 15:40

Мемлекеттік қызметтердің 92 пайызы онлайн қолжетімді, қызмет көрсету уақыты 20 есеге қысқарған

Қазақстан цифрландыру деңгейі бойынша әлемде 24-орында, ал онлайн қызметтер индексінде үздік ондыққа енді. Бұл туралы Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Оның айтуынша, мемлекеттік қызметтердің 92 пайызы онлайн қолжетімді, қызмет көрсету уақыты 20 есеге қысқарған. Сондай-ақ цифрландырудың арқасында көлеңкелі айналымнан 28 млрд теңгеден астам қаржы шығарылып, бюджеттен 13 млрд теңге үнемделген. Жалпы экономикалық тиімділік 50 млрд теңгеден асты. Сонымен қатар жаңа технологияларды жылдам енгізу мақсатында QazTech платформасы іске қосылған. Ол ІТ-жобаларды бұрынғыдай бірнеше жыл емес, небәрі 6 айда жүзеге асыруға мүмкіндік беріп отыр.

«Президент тапсырмасы бойынша министрлік елді цифрлық трансформациялау жұмысын жалғастырып жатыр. Қазақстан цифрландыру бойынша әлемдегі 193 елдің ішінде 24-орында тұр. Ал онлайн қызметтер индексі бойынша топ 10 елге кіреді. IT саласы тұрақты дамып келе жатыр. Қазір елімізде 18 мыңнан астам IT компания тіркелген. Соның ішінде 437 халықаралық компания бар. 2024 жылы еліміздің IT экспорты шамамен 700 млн АҚШ долларына жетті», – деді Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев

Оқи отырыңыз: Ауғанстандағы жер сілкінісі: Қазақстан азаматтары зардап шеккен жоқ