Қазақстанда пойыз билеттері қымбаттады

Қазақстандағы темір жолда 2 мың 667 вагон жолаушы тасымалдап жүр.

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақстанда пойыз билеттері 20 пайызға қымбаттады. Бірақ 140 бағыттың бәрінде бірдей тариф бағасы өспеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Пойыз билеттері 62 бағыт бойынша 20 пайызға қымбаттады.  "Тальгоның" бағасы шамамен 19 мың 493 теңге, стандартты пойыздарда купе құны 19 мың 653 теңге, плацкартта 12 мың 871 теңге деп белгіленіп отыр. Жауаптылар тариф құнын өсіріп, көрсетілетін қызмет сапасын арттырмақшы. Мұндай өзгеріске қатысты жолаушылардың пікірін білген едік.

"Егер халыққа жақсы жағдай жасап берсе, қолдаймын", – деді  қала тұрғыны Жұмагүл Мартсыдықова.

"Қолдаймын. Пойыздардың, вагондардың ішін реттеп берсе, қолдауға дайынбыз", – деді қала тұрғыны Роза Айымбетова.

"Онсыз да қымбатшылық. Зейнеткерміз, әрине қиын. Бізбен ешкім ақылдаспайды ғой", – деді қала тұрғыны Бибігүл Манаш

Билет құнының өсуі салада тер төгетін қызметкерлердің жалақысына оң әсер етеді. Түскен қаржыға темір жолдарды жөндеу де көзделіп отыр. Соңғы 10 жылда пойыз билеттерінің құны мүлдем көтерілмеген. Жолаушы тасымалдайтын компания өкілі Нариман Дүйсекеевтің айтуынша, ескі вагондарды жаңарту да қарастырылған. 

"Жолаушылар тасымалы" ҰК кондиционері жоқ вагондарында 20 пайыз жеңілдік жүреді. Яғни, билет бұрынғы бағамен сатылады. Жаңа тарифтер бүгіннен бастап күшіне енді. Жолаушылар сапарға шығар алдында жаңа тарифтермен танысып, алдын ала жоспарлауын сұраймыз", – деді  "Жолаушы тасымалы" АҚ баспасөз қызметшісі Нариман Дүйсекеев. 

Қазақстандағы темір жолда 2 мың 667 вагон жолаушы тасымалдап жүр. Олардың тозу деңгейі 44 пайызға жеткен. Былтырдан бері вагондар құрамы жаңартыла бастады. 2023 жылы 118, биыл 140 вагон сатып алынған. 2025 жылдан бастап жыл сайын 200 вагон алынбақ. Ал 2030 жылы 1 мың 200 жаңа вагон жолға шығады деп жоспарланып отыр.

Өмір Серікбекұлы, Данияр Омар, Дастан Темірбекұлы, Астана

Оқи отырыңыз: Қызылордалық тұрғындарға экотакси қызмет көрсетеді

 

Новости партнеров