Қазақстанда 45 мыңнан астам адамның несиесі кешірілді

14.10.2025 16:50

Ержан Біржановтың айтуынша, банкроттық процесі толық автоматтандырылған және соттан тыс өтеді

Қазақстанда 45 мыңнан астам адамның 180 миллиард теңге несиесі толық кешірілген. Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов бұл азаматтардың ресми түрде банкрот деп танылғанын айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.

Оның сөзінше, берешектің басым бөлігі екінші деңгейлі банктерден алынған. Банкрот деп танылған 13 мыңнан астам адам бес жыл бойы қарызын өтей алмаған борышкерлер болса, екі жарым мыңға жуық азамат әлеуметтік тіркеуде тұрған, жағдайы ауыр, табысы төмен отбасылар екен. Ержан Біржановтың айтуынша, банкроттық процесі толық автоматтандырылған және соттан тыс өтеді. Бұл жүйе адами фактордың әсерін азайтып, шешім қабылдау үдерісін барынша әділ әрі ашық етуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ вице-министр неліктен кей өтініштердің қаралмағанына тоқталды.

«Заңның бастапқы баптарында арыз беруші соттан тыс банкроттық болса, мүлкі болмауы керек. Тек төленбеген қарызы болуы керек. Осындай жағдайды ол банкрот деп танылады. Қазіргі таңда арыз жазған адамдардың көбінде автокөлігі немесе пәтері бар. Ол азаматтар банкрот деп танылмайды», – деді ҚР Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов.

Оқи отырыңыз: БҚО-да полицейлер 25 рет жол ережесін бұзған жүргізушіні тоқтатты