Қазақстанда 6 млн-нан астам азамат референдумда дауыс беріп үлгерді

06.10.2024 16:05

Бұл референдумға қатысуға құқылы адамдардың 51,77 пайызын құрайды

Орталық референдум комиссиясы атом электр стансасын салу бойынша референдум өтті деп айтуға толық негіз бар деді. Таңнан бері дауыс беруге құқылы азаматтардың 6 миллионнан астамы өз таңдауын жасаған екен. Яғни, 12 миллион 244 мың 683 адамның 51 пайыздан астамы референдумға қатысқан. Демек, жалпыұлттық дауыс беру ресми өткізілді деп есептеледі, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.       

Сағат 14:00-дегі ақпарат бойынша елде 6 млн 339 мың 425 азамат дауыс беріпті. Бұл референдумға қатысуға құқылы адамдардың 51,77 пайызын құрайды. Яғни, референдум ресми түрде өтті деген сөз. Азаматтардың уақытша болатын жерлеріндегі 358 учаскеде дауыс беру аяқталған екен.

«Республикалық референдум туралы ҚР Конституциялық заңының 31-бабы 2-тармағына сәйкес, егер референдумға қатысу құқығы бар азаматтардың жартысынан көбі дауыс беруге қатысқан болса референдум өткізілген деп саналатындығын атап өткен жөн», - деді ҚР Орталық референдум комиссиясының мүшесі Сәбила Мұстафина.

Қазір жалпы дауыс беру бойынша өңірлер арасында Түркістан, Шығыс Қазақстан және Қостанай облыстары көш бастап тұр. Ал 3 мегаполис арасында Шымкент қаласы алда келеді екен.

Шетелде 12 мың 500-ге жуық отандасымыз дауыс береді деп жоспарланған. Олар үшін 74 референдум учаскесі жұмыс істеп тұр. Ал Ливан, Иран және Израильдегі 228 қазақстандық дауыс бермейді. Себебі, аталған елдердегі жағдай қауіпті болып тұр.

Айтпақшы, Орталық референдум комиссиясы әр 2 сағат сайын жиын өткізіп, соңғы деректерді жариялап отыр.  

Оқи отырыңыз: 103 жастағы майдангер де келді: Қызылорда облысында дауыс беру қалай өтіп жатыр