Облыс көлемінде құқықбұзушылықтар тіркелген жоқ
Қызылорда облысында 492 мыңнан астам азамат дауыс беруге құқылы. Мұндағы 400-ге жуық учаске де көппен бірге жұмысты таңғы сағат 7.00-де бастады. Таңдау жасағандардың қатарында 103 жастағы майдангер қария да бар, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Қызылорда қаласындағы Әли Мүсілімов атындағы мектепте орналасқан №263 референдум учаскесінде де сағат таңғы 7.00-де учаске ашылып, дауыс беру басталған.
Ал құқықбұзушылықтар облыс көлемінде тіркеле қоймады. Бұл дауыс беру учаскесінде 2 673 дауыс беруші тіркелген.
«Дауыс беру процесі таңертеңнен бері жақсы өтіп жатыр. 14 адам үйден дауыс беруге өтініш білдірді, оларға қатысты аралау жұмыстары жүргізіліп, дауыстары жиналып алынады», - деді №263 референдум учаскесінің төрағасы Ерлан Боданов.
Бұл референдум учаскесінде тұрғындармен бірге аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев та өз таңдауын жасады. Ал комиссия мүшелері ел болашағы үшін маңызды саяси науқанда әулетімен бірге келіп өз азаматтық позициясын білдіретін үрдістің үзілмегенін айтады. Сайлау учаскесінде балаларымен, келіндерімен бірге келіп дауыс беріп жатқан отбасыларды байқауға болады.
Сондай-ақ бұл учаскеде үшемнің анасы да келіп өз таңдауын жасады. Ал бұл аумақтағы ең қарт дауыс беруші 93 жаста екен. Қария да референдум учаскесіне өзі келіп таңдау жасады.
Тағы бір ерекше айта кетерлігі, мұнда келушілерге бауырсақ-пати ұйымдастырылған. Тұрғындар ыстық бауырсақтан дәм татып, қымыз-шұбат ішуде. Мектеп ауласында спорттық жарыстар да өтіп жатыр. Арқан тарту, кір көтеру, асық ату секілді сайыстарға қатысып, сыйлыққа кенеліп жатқан азаматтардың да бар екенін байқадық.
Жалпы бүгін Сыр өңірінде 380 дауыс беру учаскесі жұмыс істейді. Аймақта барлығы 492 380 адам өз таңдауын жасау құқығына ие.
Оқи отырыңыз: Маңғыстау облысында 250 дауыс беру учаскесі жұмыс істеп тұр