Авиация болашағы: Алматыда сарапшылар салаға кадр даярлау жайын талқылады

Алматыда өткен іс-шараға әлемнің 50-ден аса елінен 200-ге жуық маман арнайы келді

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақстанда авиация саласында қызмет ететін мамандардың саны жыл сайын артып келеді. Биыл алғашқы 9 айда былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда көрсеткіш 7 пайызға өскен. Бұл ақпарат Халықаралық азаматтық авиация ұйымының Алматыда өткізген өңірлік семинарында айтылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Авиация саласындағы тың жаңалықтарды талқылап, қауіп-қатерді болжап, мүмкіндіктерді саралап, тәжірибе алмасу үшін жаһан жұрты Алматыға жиналды. Іс-шараға әлемнің 50-ден аса елінен 200-ге жуық маман арнайы келген. Олардың қатарында белгілі оқу орталықтарының, Еуропа, Азия мен ТМД елдеріндегі әуе компанияларының өкілдері бар. Халықаралық жиында бірнеше тақырып талданды.

Атап айтсақ, кадрлық әлеует, яғни, жастарды жұмысқа тарту жайы, технологиялық өзгеріске толы заманда сала қызметкерлерін үздіксіз оқыту бастамасы қаралды. 

«Қазақстанда азаматтық авиация, көлік секторы  жақсы дамып жатыр. Жылына 10-15 пайыз өсіп жатырмыз. Авиакомпанияларымызға жаңа ұшақтар алынып жатыр. Жаңа әуежайдың құрылысы жалғасуда», – деді  ҚР Көлік вице-министрі Талғат Ластаев.

Көлік министрлігінің өкілдері, Қазақстанның авиация саласында 23 мыңға жуық қызметкер еңбек ететінін айтты. Сондай-ақ  жыл сайын жас мамандар жұмысқа орналасып жатыр. Басқосуда елдегі әуе компанияларына тиесілі заманауи ұшақтардың саны 100-ден асатыны белгілі болды. Ал алдағы бес жылда көрсеткішті екі есеге көбейту көзделген.  

«Авиация саласында қызмет ететін мамандарға да сұраныс жоғары. Сол себепті, осы бағытта жұмыс істегісі келетін жастарды жігерлендіру, өзімізге қарай тарту – біздің басты мақсатымыз. Меніңше,  осындай жиындар тәжірибе алмасуға да, серіктестікті нығайтуға да көп септігін тигізеді», – деді ҚР Көлік министрлігі Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Салтанат Томпиева.

Іс-шарада сөз алғандар дронның пайдасын, өмірге әсерін, сондай-ақ саладағы қауіпсіздік мәселесін де көтерді. Оны шешу жолдарын ұсынды. Сонымен қатар кездесуде жоғары оқу орындарының студенттері де өз идеясын айтып, ой бөлісті. Ал ұйымдастырушылардың сөзінше, семинардың Алматы қаласында өтуі мемлекетіміздің Халықаралық авиация қауымдастығындағы беделін нығайта түспек.

Рүстем Айткәрім, Ернат Болатбек

Новости партнеров