Қазақстанда бала туу көрсеткіші біршама төмендеген

14.05.2025 14:42

Сондай-ақ қайтыс болғандар саны да азайған

Аlmaty.tv

2025 жылдың қаңтарынан наурызына дейін елімізде дүниеге келген 77,3 мың нәресте тіркелді. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 16%-ға аз, және, кем дегенде, 2014 жылдың I тоқсанынан бергі ең төменгі көрсеткіш болып отыр. Мұндай жедел деректерді ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросы ұсынды, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Балалардың дүниеге келу динамикасында маусымдық өзгерістер анық байқалады. Әдетте, бір жыл ішіндегі ең жоғары көрсеткіштер III тоқсанның қорытындысы бойынша тіркеледі. Әсіресе пандемия кезінде – 2020 және 2021 жылдары бұл маусымдық өзгерістер айқын көрінді. Ал ең төменгі көрсеткіштер жыл басында, алғашқы үш айда жиі кездеседі. Дегенмен тоқсан сайынғы ауытқулар қаншалықты көп болса да, соңғы 11 жылда бұл көрсеткіш 90 мыңнан төмен түспеген еді.

"2024 жылдың қаңтар-наурыз айларымен салыстырғанда еліміздің барлық 20 аймағында туу деңгейі төмендеді. Орташа республикалық деңгейден төмен көрсеткіш 12 өңірде тіркелді, ал ең төменгі көрсеткіш Ақмола (-22%) және Жетісу (-20,1%) облыстарында байқалды. Сондай-ақ ауылдық жерлерде бұл көрсеткіш қаламен (18,1%) салыстырғанда едәуір төмен (14,2%)", - делінген бюро хабарламасында.

Жалпы туу коэффициенті де төмендеп келеді. Халық санына шаққандағы тіркелген туу санын 1000 адамға есептегенде, қазіргі деңгей 15,39 құрайды, бұл 2024 жылдың I тоқсанымен салыстырғанда 2,94-ке төмендегенін көрсетеді. Айта кетейік, бұл үрдіс 2015 жылдан бері жалғасып келеді.

Бала туу көрсеткішімен қатар, қайтыс болғандар саны да азайған, яғни жылдық көрсеткіш бойынша 7,2%-ға, яғни 31 мың адамға қысқарған. Осылайша, табиғи өсім (туғандар мен қайтыс болғандардың айырмасы) бір жыл ішінде 20,7%-ға азайып, 46,3 мың адамды құрады. Дегенмен бұл да, 2014 жылдың басынан бергі ең төменгі көрсеткіш болып отыр.

Оқи отырыңыз: Париж қаласында қырғыз-қазақ айтысы өтеді