Қазақстанда бензин қымбаттайды

25.11.2024 15:04

Министр бағаның өсуін –  Қазақстанда мұнай өнімдерінің жетіспеушілігімен байланысты дейді

engin akyurt/unsplash.com/

Мәжілісте өткен брифингте Энергетика министрі Алмасадам Саткалиев бензин бағасы өсетінін мәлім етті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Massaget.kz-ке сілтеме жасап.

Министр бағаның өсуін –  Қазақстанда мұнай өнімдерінің жетіспеушілігімен байланысты дейді.

"Қазіргі уақытта біздің нарық тапшылықты сезініп отыр. Тапшылықты жабу және энергетикалық тәуелсіздікті қамтамасыз ету үшін модернизация жүргізіліп жатыр. Модернизацияны жүзеге асыру үшін тиісті қаражат қажет. Мұнай өнімдерінің бағасында жабдық сатып алу, қызмет көрсету, операциялық шығындар, логистика, жаңа мұнай құбыры және теміржол инфрақұрылымын салуға алынған қарыздар да есепке алынатын болады", - деп ескертті Саткалиев.

Cәйкесінше, бензин бағасының көтерілуі - мұнай өнімдерінің бағасына әсер етпей қоймайды.

"Бағаның қандай болатыны - ішкі нарықтағы мұнай бағасына байланысты. Қазіргі уақытта біздің ішкі нарықтағы баға көршілес елдермен салыстырғанда ең төменгі деңгейде, мұнай өнімдерінің бағасы да ең төменгі. Нарық ашылған жағдайда, біздің арзан өніміміз қымбат өнімдермен араласып кетеді, бұл өз кезегінде бағаның өсуіне әсер етеді", - деп қосты министр.

Айта кетейік, 2036 жылы жеңіл мұнай өнімдерінің жетіспеушілігі күтілгендіктен, жаңа мұнай өңдеу зауытын салу жоспарланып отыр.

Оқи отырыңыз: Жұлдыз жорамал: 25 қарашада сізді не күтіп тұр