Қазақстанда кәріз жүйесінің 65%-ы тозған: Үкімет жаңғырту жұмыстарын бастады

01.07.2025 20:51

​​​​​​Сумен қамту жобаларына қайтарылған 160 млрд теңге жұмсалмақ

Елдегі кәріз тазарту құрылғыларының 65 пайызы тозған. Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаевтың айтуынша, биыл осы бағытта жаңарту жүргізу үшін республикалық бюджеттен 25 миллиард теңге бөлініпті. Жалпы, Қазақстандағы кәріз тазарту құрылғыларының дені 1950-1960 жылдары салынған, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.  

Үкіметте есеп берген министр Ерсайын Нағаспаевтың мәліметіне сенсек, қала халқының 99,3 пайызы, ауыл тұрғындарының 97,5 проценті ауыз суға қол жеткізген. Президент Үкіметтің алдына жыл соңына дейін барлық елдімекенді 100 пайыз тіршілік нәрімен қамтамасыз ету міндетін қойған еді. Нағаспаев әзірге тек 10 өңірге ғана суды толық жеткізіпті.

«Бұлар – Алматы, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қызылорда, Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Жетісу және Ұлытау облыстарының қалалары мен Маңғыстау облысының ауылдары. Қалаларды сумен жабдықтау мәсеолесіне келсек, еліміздегі 90 қаланың 73-і 100 пайыз ауыз сумен қамтамасыз етілген. Қалған 17 қала жыл соңына дейін сумен толық қамтамасыз етіледі», - деді ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев.

Ал суға жауапты министр Нұржан Нұржігітов биыл 10 облыста бірнеше елдімекенге ортақ су құбырын салу және қайта жаңғырту бойынша 31 жоба іске асырылып жатыр деді. Нәтижесінде 2,6 мың шақырымнан астам құбыр салынбақ. Сондай-ақ 53 елдімекенге орталықтандырылған ауыз су жүйесі алғаш рет қосылатынын жеткізді. Одан бөлек, министр Нұржігітов Үкімет басшысына Ұлттық су ресурстары ақпараттық жүйесі әзірленіп жатқанын айтты.

«Аталған платформа біртұтас цифрлық орта ретінде жұмыс істейді және су нысандары туралы деректерді әртүрлі көздерін біріктіреді. Бұл – спутниктік мониторинг, датчиктер мен есептегіш құралдар, гидропосттар, жедел есептілік және салалық статистика», - деді ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.

Нұржан Нұржігітовтің есебін тыңдаған Олжас Бектенов Солтүстік Қазақстан облысында Соколов топтық су құбырын жаңғырту жұмыстары және Ақмола облысындағы Талапкер мен Қажымұқан ауылдарына дейін құбыр тарту жобаларының мерзімі тым созылып кеткенін айтты. Нұржігітовтің жауабы дайын екен. Оның айтуынша, оның 2 себебі бар. Біріншіден, жылдан жылға бюджет тарапынан қаржы толық көлемде бөлінбейді. Екіншіден, мердігерлер жұмысты сапасыз атқаратын көрінеді.

«Сіз атаған 2 жоба бойынша бүгінгі күні Ұлттық қордан 5 миллиард 8 миллион теңге бөлінді. Қосымша арнаулы мемлекеттік қордан биыл тағы да 5 жарым миллиард теңге алдық. Соколов жобасы бойынша тағы да қосымша 650 миллион теңге жетпей отыр. Мердігерлермен жұмыс істедік, жұмыстар қазір кестеге сәйкес жүріп жатыр. Келер жылы қабылдау жұмыстарын жүргіземіз», - деді ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.

Биыл 6 айда мемлекеттік органдарға сумен жабдықтау мәселелері бойынша тұрғындардан 30 мыңға жуық арыз-шағым түскен. Үкімет басшысы Жезқазғандықтардың шағымына ерекше тоқталды. Өйткені, қаладағы су тазарту қондырғысына жөндеу жүргізіліп жатқанына 10 жыл болыпты.

«Өнеркәсіп және Су ресурстары министрліктері мен өңір әкімдіктеріне кешігіп жатқан жобаларды толық аяқтау үшін түбегейлі шаралар қабылдауды тапсырамын. Сумен жабдықтау жүйелерін дамытумен қатар үнемдеу технологияларын енгізу және су ресурстарын басқаруды цифрландыру жұмысын күшейту қажет. Сумен жабдықтау желілерінің тозу деңгейін одан әрі төмендету керек», - деді ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов.

Олжас Бектенов жобаларды қаржыландыру тек республикалық бюджеттен ғана емес, жемқорлардан қайтарылған қаражат есебінен де жүргізіледі дейді. Мәселен, сумен жабдықтау жұмыстарына қажетті 160 миллиард теңге қайтарылған активтерден алынған екен. Отырыс соңында Үкімет басшысы Олжас Бектенов әдеттегідей министрлер мен өңір әкімдеріне нақты тапсырмалар беріп, сөзін аяқтады.

Астанадан Аршат Әділжанқызы, Нұрлан Өтеген, Әлихан Өтеген, "Алматы" телеарнасы

Оқи отырыңыз: "Қанға қақалып жатты": Алматы облысында баланы ит талап өлтіре жаздады