Қазақстанда зияткерлік меншік құқығын қорғау күшейтіледі

Аlmaty.tv
Аlmaty.tv

Сондай-ақ авторлар мен пайдаланушыларға арналған бірыңғай цифрлық платформа іске қосылады

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Мәжіліс зияткерлік меншік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заңды екінші оқылымда қабылдады. Құжат Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты жолдауын іске асыру мақсатымен әзірленген. 2025 жылдың 23 сәуірінде бірінші оқылымда мақұлданды, деп хабарлайды Аlmaty.tv ҚР Парламенті Мәжілісінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Заңда зияткерлік меншік құқықтарын сақтау мен қорғауды қамтамасыз ету, оны дамытуға қолайлы жағдайлар жасау, елге инвестиция тарту және креативті экономиканы дамыту жөніндегі қосымша құқықтық құралдар енгізу қарастырылған.

Түзетулер аясында тауар белгісі ретіндегі белгілеуді тіркеуге қарсылық беру мерзімі 1 айдан 2 айға ұзартылады. Сондай-ақ таңбаларды тауар белгілері ретінде сараптау мен тіркеуді жеделдету нормасы қарастырылған. Алдын ала сараптама жүргізу мерзімін өтініш берілген күннен бастап бір айдан 10 жұмыс күніне дейін, ал толық сараптама жүргізу мерзімін 7 айдан 3 айға дейін қысқарту ұсынылады. Бұл дамушы брендті пайдаланудан пайда табуға байланысты үшінші тұлғалар тарапынан болатын жосықсыз іс-қимылдардың алдын алуға көмектеседі.

«Авторлардың жарияланған туындыларын таратуға, көпшілікке жеткізуге және көпшілік алдында орындауға байланысты құқықтарына қосымша шектеулер енгізіледі. Осылайша, зағиптар мен көру қабілеті бұзылған немесе баспа өнімдерін қабылдау қабілеті шектеулі адамдар авторлардың келісімінсіз баспа өнімдері мен жарияланған туындыларға қол жеткізе алады», - делінген хабарламада.

Сонымен қатар патенттік сенім білдірілген өкілдерді даралау құралдары мен өнеркәсіптік меншік объектілері бойынша мамандандыру институты енгізіледі.

Сондай-ақ депутаттар зияткерлік меншік туралы заңға ұжымдық құқықтарды басқару ұйымдары қызметінің ашықтығын арттыруға және авторларға авторлық сыйақыны әділ бөлуді қамтамасыз етуге бағытталған түзетулер енгізуді ұсынды.

«Осы мақсатта нақты есепке алу мен деректердің сенімділігін қамтамасыз ететін авторлар, пайдаланушылар және ұжымдық құқықтарды басқару ұйымдары арасындағы өзара іс-қимылды электронды форматқа көшіретін бірыңғай цифрлық платформа енгізіледі», - делінген хабарламада.

Сонымен қатар 2029 жылдың 1 қаңтарынан бастап ұжымдық құқықтарды басқару ұйымдары шығыстарының үлесі жиналған авторлық сыйақы сомасы 30-дан 20 пайызға дейін қысқартылады. Бұл авторлар мен авторлық құқық иелеріне төлемдерді 70-тен 80 пайызға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Оқи отырыңыз: Көлік жүргізушілеріне арналған жаңа интернет-алаяқтық түрі пайда болды

Новости партнеров