Көрші елде тұтанып, Жамбыл облысына тараған дала өрті сөндірілді

Жамбыл облыстық ТЖД баспасөз қызметі
Жамбыл облыстық ТЖД баспасөз қызметі

Өртті сөндіруге екі елден барлығы 140 адам мен 18 техника бірлігі жұмылдырылды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қырғыз Республикасының аумағында құраған шөп жанып, жел салдарынан өрт Жамбыл облысы Жамбыл ауданының аумағына таралған. Өрт КММ «Орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мекемесінің» жерлерін шарпыды, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметінен хабарлағандай, оқиға туралы хабар түскен сәттен бастап Жамбыл облысы ТЖД күштері дереу оқиға орнына жіберілген.

«Өртті сөндіруге ТЖД, Орман шаруашылығы және Қырғыз Республикасының құтқару қызметтерінен барлығы 140 адам мен 18 техника бірлігі жұмылдырылды. Өртті сөндіру кезінде екі елдің қызметтері, соның ішінде шекара ведомстволары арасындағы үйлесімді әрекет ерекше маңызды болды – бұл өрт сөндіруге қатысушылардың мемлекеттік шекарадан кедергісіз өтуін қамтамасыз етті», - делінген хабарламада.​

Жедел ақпарат алмасу мен жағдайды нақты бақылау үшін заманауи мониторинг және үйлестіру құралдары қолданылды: ТЖ Департаментінің екі пилотсыз ұшу аппараты, «Қазавиаорманқорғау» тікұшағы, командалық-штабтық көлік және үш Iridium спутниктік терминалы пайдаланылды.

Сөндірудің тиімді тактикасы мен күштердің бірлескен жұмысының арқасында Қазақстан аумағындағы өрт шамамен 300 гектар аумақта жойылды. Қазіргі уақытта өрт шыққан жер қарауылдыланып, бақылауға алынған.

Қызметтердің кәсіби шеберлігі мен жедел әрекетінің арқасында өрт елдімекендер мен орман алқаптарына таралмай, жедел тоқтатылды. Бұл жағдай табиғи қауіптерге қарсы күресте ведомствоаралық және мемлекетаралық өзара іс-қимылдың тиімді үлгісіне айналып, төтенше жағдайлар кезінде күштердің дайын екенін тағы көрсетті.

Оқи отырыңыз: Асханаға кіріп, соттан бір-ақ шыққан: Қызылорда облысында әйел адам жауапқа тартылды

Новости партнеров