Енді қазақстандықтар құқықтық кеңесті үйден шықпай-ақ ала алады

10.07.2025 19:37

Әділет министрлігі «E-Zankomegi» мобильді қосымшасын іске қосты

Әділет министрлігі азаматтарға үйден шықпай-ақ құқықтық көмек алуға мүмкіндік жасап отыр. Ведомствоның ресми өкілі Талғат Уәлидің айтуынша, бұл бағытта E-Zankomegi атты мобильді қосымша іске қосылған. Оның көмегімен көпшілік адвокаттардан, нотариустардан және заңгерлерден онлайн түрде тегін кеңес ала алады, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.  

Министрлік қызметтерді цифрландыруға ерекше назар аударып, бұл қызметті автоматтандыру үшін жасанды жадыны да енгізіп жатыр. Мәселен, Adilet порталында тәулік бойы жұмыс істейтін виртуалды кеңесші бар. Ол азаматтардың сұрақтарына жауап беріп, мемлекеттік органдардың жүктемесін азайтуға көмектеседі.

Сондай-ақ нотариат саласында да өзгерістер бар екен. Енді атқарушылық жазбалар электронды түрде рәсімделетін болады.  

«Қазіргі уақытта нотариаттық қызметтерді цифрландыру шеңберінде атқарушылық жазба электрондық форматта рәсімделеді және мұндай құжатта нотариустың электрондық цифрлық қолтаңбасы болады, яғни қағаздағыдай заңды күші бар. Нотариаттық жазбаларды орындаудың цифрлық жобасы ашықтықты, барлық іс-әрекетті тіркеуді және тараптардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз етеді. Жеке кабинет құрылды. Ол арқылы борышкердің хабарлама және қарсылық жолдауға мүмкіндігі бар», - деді ҚР Әділет министрлігінің ресми өкілі Талғат Уәли.

Бұдан бөлек, брифинг барысында өткен жылы іске қосылған «Цифрлық сот орындаушы» жобасының алғашқы нәтижелері айтылды. Бұрын борышкерлер жеке сот орындаушысына қарыздың 25 пайызына дейін қосымша ақы төлеуге мәжбүр болатын. Енді бұл процесс автоматтандырылып, мұндай шығындар жойылыпты. Осылайша, жаңа жүйенің көмегімен азаматтар 1,2 миллиард теңгеден астам қаржысын үнемдеген.

Оқи отырыңыз: Алматыда Қонаев университетінің 500-ден астам түлегі диплом алды