«ЦОН» мобильді қосымшасы арқылы жаңа мүмкіндік іске қосылды
Мемлекеттік қызметтерді цифрландыру үдерісі аясында «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы «ЦОН» мобильді қосымшасына жаңа мүмкіндік қосты. Енді азаматтар мемлекеттік қызметке берген өтінімдерінің мәртебесін нақты уақыт режимінде көре алады, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Корпорацияның баспасөз қызметінен хабарлағандай, өтінім мәртебесін көру үшін қолданушы қосымшадағы «ХҚКО қызметтері» немесе «Арнайы ХҚКО қызметтері» бөлімін таңдап, өтінім нөмірін енгізуі керек.
Бұл жаңашылдық қызмет көрсету процесін барынша ашық етіп, азаматтарға өтінімнің қай сатыда тұрғанын және нәтижені қашан алуға болатынын нақты білуге мүмкіндік береді. Ең бастысы – енді өтінім мәртебесін білу үшін ХҚКО-ға барудың қажеті жоқ.
Жаңа функция азаматтардың уақытын үнемдеп, мемлекеттік қызметтерге деген сенімді арттырады. Әр қолданушы өз өтінімінің қаралу кезеңін көріп, кез келген өзгеріс туралы жедел хабардар бола алады.
«Өтінім мәртебесін бақылау жүйесін енгізу – мемлекеттік қызметтерді жаңғыртудың маңызды қадамы. Бұл шешім ашықтықты арттырып, халыққа қызмет көрсетудің қолайлылығын күшейтеді. Мұндай цифрлық бастамалар Президент Жолдауында айтылған цифрлық трансформация міндеттерімен үндесіп, мемлекеттік қызмет сапасын жаңа деңгейге көтереді», – деді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Басқарма төрағасы Арман Кенжеғалиев.
Оқи отырыңыз: Мүгедектікті белгілеу бойынша 89 мыңнан астам өтінім сырттай форматта қаралды