Қазақстанға Орталық Азиядағы ең қуатты суперкомпьютер жеткізілді

04.07.2025 20:00

Жасанды интеллект ғылыми фантастика емес, күнделікті өмірдің айнымас бөлшегіне айналды

Қазақстанға Орталық Азиядағы ең қуатты суперкомпьютер жеткізілді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Енді бұл құрылғы елорданың Деректерді өңдеу орталығында іске қосылмақ. Ол бізге АҚШ-тан әкелінді. Қос елдің бір жыл бойы келіссөз жүргізуінің нәтижесінде арнайы рұқсат алынып, қазір суперкомпьютерді іске қосуға дайындық жүріп жатыр екен. Бұл туралы елордада өткен AI-SANA форумында Цифрлық даму министрі мәлімдеді. Жиында еліміздегі нейрожүйелердің қолданылуы, отандық стартаптар мен инновациялық жобалар талқыланды. 

Жасанды интеллект ғылыми фантастика емес, күнделікті өмірдің айнымас бөлшегіне айналды.

Елордада өткен «Инерциядан серпінге» форумында отандық және шетелдік сарапшылар осы тақырыпты кеңінен талқылады. Айтуларынша, бұл салада Қазақстан қалыс қалып жатқан жоқ. Форум аясында бірқатар отандық жобалар таныстырылды. Соның бірі – MiraiTech стартапы. Бұл адамның нақты қозғалысын талдайтын және түзететін жүйе. Қазір жоба бас қаладағы бес емханада пилоттық режимде сынақтан өтуде. Сондай-ақ, елдегі ірі футбол клубтарында қолданылып жатыр.

Айта кетейік, инновация ел ішінде патенттеліп, оны халықаралық нарыққа шығару дайындық үстінде.

«Бұл жүйе не істейді? Мысалы, спортшыны алсақ — ол туралы деректер алдын ала жиналады. Содан кейін жүйе нақты болжам береді. Мысалы, егер сен осы жарақатпен ойнауды жалғастырсаң, белгілі бір уақыттан кейін мүлдем спортпен айналыса алмай қаласың деп ескертеді. Бұл – өте маңызды. Қазақстан спортының дамуына осындай технологиялар үлкен үлес қосады. Жүйе спортшыға нақты қандай жаттығулар жасау керек екенін де алдын ала айтып береді», – деді Назарбаев университетінің професоры Гүлнұр Қалимулдина. 

Жоба авторлары қауіпсіздік мәселесіне ерекше көңіл бөлінгенін айтады. Себебі жасанды жадымен жұмыс істеу – дербес деректермен жұмыс істеу деген сөз.

«Қауіпсіздік біз үшін өте маңызды. Біз барлық процесті талапқа сай, дұрыс жүргіземіз. Киберқауіпсіздік бойынша үнемі мамандармен ақылдасып, кеңесіп отырамыз. Деректердің бәрі қорғалған. Ешқандай адамның аты-жөні жазылмайды, пайдаланылмайды. Бізде барлығы тек цифр арқылы жұмыс істейді», – деді Назарбаев университетінің професоры Гүлнұр Қалимулдина. 

Жиынға арнайы келген Цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев елде жасанды интеллект бойынша білім алушыларға түрлі жағдай жасалғанын айтты. Қазірдің өзінде оқушылар мен студенттер үшін тегін оқу курстары қарастырылған. Енді бұл тізімге мемлекеттік қызметкерлер де қосылмақ», – деді Назарбаев университетінің професоры Гүлнұр Қалимулдина. 

«Мектеп оқушылары үшін біз 12 жастан 18 жасқа дейін генеративті жасанды интеллект, робототехника, 3D модельдеу, компьютерлік графика, музыка өндірісі сияқты 11 IT бағыты бойынша Tomo education бағдарламасын іске қосамыз. Tomorrow мектебі 18 жастан асқан студенттерге арналған.Қазір бірнеше ай ішінде мемлекеттік қызметшілердің 100% -ын кибергигиенамен қамтығымыз келеді. Өйткені олар Мемлекеттік Деректер базасының сақталуына жауапты болып табылады», – деді ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев.

Алайда сарапшылар жасанды интеллектіге шектен тыс сенуге болмайтынын ескертеді. Әлемдік зерттеулер көрсеткендей, егер адам үнемі ChatGPT секілді құралдарға ғана сүйенсе, оның зияткерлік қабілеті төмендеуі мүмкін екен.

«Жасанды интеллект – расында, қызықты тақырыптардың бірі. Бірақ біз балаларды оны дұрыс қолдануға ғана емес, оған күмәнмен қарауға да үйретуіміз керек. Олар соқыр сеніммен қарап, әсіресе өз жұмыстарында, барлығын соған жүктеуге болмайтынын түсінуі керек. Мысалы, егер мен сізге ағылшын тілінен эссе жазуды үйрететін болсам, сіз жасанды интеллект арқылы маған мінсіз эссе ұсынуыңыз мүмкін. Біз балалардың болашағын ойлауымыз керек», – деді  Астанадағы халықаралық мектептің директоры Джон Колз.

Бүгінде жасанды интеллект білім беру, медицина, экономика және мемлекеттік басқару салаларына енгізіліп келеді. Алайда сарапшылар бұл технология тек даму көрсеткіші ретінде емес, ел тұрғындарының өмір сапасына нақты пайда әкелуі керек дейді. Технологиялық жетістік адам өмірін жеңілдетіп, қоғамға шынайы өзгеріс әкелуі тиіс екенін жеткізді.

Мәди Бижан, Данияр Омар, «Алматы» телеарнасы