Ұлттық домбыра күні: шежірелі аспапқа тағзым

04.07.2025 20:33

Еліміздің түкпір-түкпірінде түрлі мәдени іс-шаралар ұйымдастырылып жатыр

Шілде айының алғашқы жексенбісі – Ұлттық Домбыра күні, деп хабарлайды Almaty.tv.

Мерейлі мереке 2018 жылы тұңғыш Президенттің жарлығымен бекітілген. Содан бері халқымыз бұл күнді төл өнер мен руханиятты дәріптейтін ерекше мейрам ретінде атап өтеді. Сондай-ақ биылғы мереке Астана күнімен тұспа-тұс келіп отыр. Осыған орай еліміздің түкпір-түкпірінде түрлі мәдени іс-шаралар ұйымдастырылып жатыр.

Домбыра – қазақтың көнекөз шежіресі, ұлттың рухани жан дүниесінің айнасы. Сан ғасыр көшпелі өмірдің сырын шанағынан төгілткен бұл көне аспаптың тарихы шамамен 6000 жыл бұрын бастау алған, - дейді зерттеушілер. Бұған Моңғолия жерінен табылған ең көне домбыра үлгісі нақты дәлел бола алады екен. Ал Қазақстанда осы рухани құндылыққа ерекше мәртебе беру туралы шешім 2018 жылғы 13 маусымда қабылданған. Содан бері Ұлттық Домбыра күні елімізде жыл сайын кең ауқымда, ерекше құрметпен тойланып келеді.

«Домбыра күні құтты болсын, баянды болсын, байсалды болсын! Бұл — қазақтың салты мен дәстүрі, күйі мен әні, биі мен айтысы — бәрі осы домбырамен біте қайнасып келе жатқан ұлы құбылыс. Қуантатыны — соңғы жылдары осы ұлттық аспабымызды ұлықтау әдемі бір үрдіске айналып келеді», – деді Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, күйші Секен Тұрысбек.

Ресми мәліметтерге сәйкес, бүгінде домбыраның шанағынан төгілген 5 мыңнан астам күй белгілі. Бұл асыл мұраның негізін Құрманғазы, Тәттімбет, Дәулеткерей, Дина секілді дәулескер күйшілер қалап, олардың туындылары ұлт мәдениетінің алтын қорына айналған. Ал домбыраның ұлттық өнердегі орны өткен ғасырда жаңа белеске көтерілді. 1934 жылы академик Ахмет Жұбанов тұңғыш рет 11 домбырашыны біріктіріп, ансамбльдік орындау дәстүрін енгізсе, араға он жыл салып, 1943 жылы Құрманғазы атындағы халық аспаптар оркестрі құрылды. Бұл оқиға қазақтың төл аспабын кәсіби сахнаға шығарып, оның беделін бұрынғыдан да биіктетті. Содан бері қос ішектің күмбірі жеке орындаудан оркестрлік өнердің құрамына еніп, ұлттық музыканың символына айналды.

«Бұл — қазақтың өзі, қазақтың сөзі, қазақтың көзі. Домбыраның әрбір үні, әрбір күйі — қазақтың тарихынан сыр шертеді. Бұл арқылы біз әлемге үн қатамыз. Өйткені қазақ деген — домбыра. Сондықтан домбыраны ұлықтау дегеніміз — ұлтымызды, мәдениетімізді ұлықтау. Домбырамыз барда қазақ бар, қазақ барда домбыра бар», – деді күйші, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Нұркен Нұрғалиұлы.

Қазақ үшін домбыра тек өнер құралы емес – ұлттық құндылық, қастерлі символ. Сондықтан да оның абыройына қатысты оқиғалар қоғамда ерекше назар тудырады. Мәселен, былтыр отандық өнер иелері домбыраны ұшақ бортына алып кіруде қиындыққа тап болды. Әуе компаниялары ұлттық аспаптың өлшемі қол жүгіне сай келмейтінін алға тартып, әр домбыраға жеке орын сатып алуды талап еткен. Бұл шешім қоғамда қызу талқыға түсті. Көпшілік мұны ұлттық құндылыққа құрметсіздік деп бағалап, наразылық білдірді. Мәселе мемлекеттік деңгейде де көтерілді. Сол жылдың күзінде Мәжіліс депутаты Аманжол Алтай Үкіметке сауал жолдап, домбыраға ерекше жағдай қарастыруды ұсынды.

«Мен домбырамен әлемнің шартарабына бардым. Жапониядан бастап, Америкаға дейін, Еуропа, Азия елдерінің бәрінде болдым. Сонда бірде-бір жерде домбыраға қатысты тыйым не түсініспеушілік болған емес. Ал өз елімізде, қазақтың жерінде осындай келеңсіз жағдай орын алғанда — шынымды айтсам, жүрегім ауырды. Ішім ашыды», – деді күйші, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Нұркен Нұрғалиұлы.

«Бұл — қазақ деп жүрегі соғатын әрбір өнерпаздың жан айқайы. Менің айтқым келетіні – бұл мәселе мемлекет тарапынан көтеріліп, әуекомпаниялармен жасалатын келісімшарттарға арнайы ереже ретінде енгізілсе деймін. Өйткені бұл – жай ғана құрал емес, бұл — біздің ұлттық құндылығымыз. Бұл – бүкіл өнер адамдарының ортақ үні», – деді Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық филармониясы директорының орынбасары Данияр Байжұманов.

Қазақтың қара домбырасы бүгінде тек ұлттық мұра емес, жаһандық мәдени құндылыққа айналды. 2014 жылы қазақтың күй өнері ЮНЕСКО-ның адамзаттың материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енді. Ал биыл Ұлттық Домбыра күні жетінші рет аталып өтпек. Айтулы мереке аясында елдің барлық өңірінде күй шеберлерінің концерті, байқаулар, көрмелер мен шеберлік сабақтары ұйымдастырылады.

Мәди Мәлік, Рашиддин Якупов,  «Алматы» телеарнасы