Қазақстаннан заңсыз шығарылған активтердің 277 млрд теңгесі қайтарылды

31.10.2024 18:48

Активтердің ішінде жылжымайтын мүлік пен қымбат көліктер де бар

Елімізден заңсыз шығарылған активтердің 277 миллиард теңгесі қазынаға қайтарылды. Оның 177 миллиарды Қордың арнайы шотына жіберілген. Бұл туралы Бас прокуратура өкілдері хабарлады, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Алайда құзырлы орган өкілдері бұл дүние-мүліктің нақты кімнен қайтарылып жатқанын ашып айтпады. Бір анығы, қомақты қаржы алдағы уақытта әлеуметтік жобаларды іске асыруға бағытталады. Мектеп құрылысы, білім беру орталықтары, тұрғын үй сынды бірқатар нысандар салуға жұмсалмақ.

Қайтарылған активтердің ішінде бағалы қағаздар, жылжымайтын мүлік және қымбат көліктер де бар екен.  

"Заңсыз активтерді қайтару жұмысы қарқынды жүріп жатыр. Реестрге кімнен, қанша қаржы кіргені, оларға қатысты қандай жұмыс жүргізіліп жатқаны туралы ақпаратты жариялай алмаймын. Әзірге нақты қанша адамның заңсыз жинаған дүние-мүлкін мемлекетке қайтарып жатқанын да айта алмаймын", - деді ҚР Бас прокурорының орынбасары Ғалымжан Қойгелдиев.

Оқи отырыңыз: Алматы облысында танымал блогердің көлігімен трюк жасамақ болған жігіт қаза тапты