«Қазатомөнеркәсіп» компаниясына қатысты тергеу аяқталды

10.09.2025 15:43

«Волковгеология» акционерлік қоғамында жемқорлық фактісі анықталған

Қаржылық мониторинг агенттігі «Қазатомөнеркәсіп» компаниясының құрамындағы «Волковгеология» акционерлік қоғамына қатысты тергеуді аяқтады, деп хабарлайды Almaty.tv.

Кәсіпорында жемқорлық фактісі анықталған. Агенттік дерегіне сүйенсек, ұйымның бұрынғы басқарма төрағасы 2 жыл бойы жарамсыз актілерді рәсімдетіп отырған. Аталған құжаттарда қосалқы бөлшектердің іс жүзінде жеткізілмесе де, қабылданғаны жөнінде жалған ақпарат көрсетілген. Соның салдарынан 86 миллион теңге заңсыз иемделіпті. Тергеу барысында келтірілген шығын толық өтелді. Ал қылмыстық іс сотқа жіберілді.

«Еске сала кетейік, бұған дейін осы іс аясында «Волковгеология» АҚ филиалының директоры А.М. Борашев, сондай-ақ «Казбурмаш СК» ЖШС басшысы Е.С. Алипбаев пен бухгалтер Г.Ж. Токатаева 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандықтарынан айырылған болатын», – деді ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің ресми өкілі Ернар Тайжан.

Оқи отырыңыз: Алматыда заңсыз салынған монша кешені сүріліп жатыр