Кеден бекетінің басшылығы бұл жағдайға қатысы жоқ екенін айтты
Түркістан облысында жүк көліктері кеденнен өте алмай, он күннен бері ұзын-сонар кезекте тұр. Салдарынан тауарлар бүлініп, жүргізушілер шығынға батқан, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«Қазығұрт» кеден бекетінде 20-ға жуық жүк көлігі қаз-қатар тізіліп, неше күннен бері қозғалмай тұр. Себебі «қызыл белгі» қойылды деген желеумен кеденшілер барлық көлікті тоқтатып, толық тексеруге алған. Өзбекстаннан тауар тасып жүрген жүргізушілер әдетте бірнеше сағатта бітетін жұмыстың неліктен созылып кеткенін түсіне алмай дал.
«Қазір күн суық, үйде бала-шағамыз күтіп отыр. 30 қарашада келгенбіз, 10 күн болды осында тұрмыз», – деді жүргізуші Батырәлі Жораев.
«Шымкентке апара жатқан көшеттеріміз жарамай қалды. Ол жараған күнде де, 10 тұрған көшетті клиенттер алмайды», – деді жүргізуші Ергеш Мұсаев.
Ал кеден бекетінің басшылығы бұл жағдайға қатысы жоқ екенін айтты. Оның сөзінше, мұндағы тексерістің нәтижесін шығару үшін Астанадан арнайы рұқсат керек екен.
«Біз орталықтандырылғанжүйеге қосылғанбыз. Астанадан бақылау жасалады», – деді «Қазығұрт» кеден бекетінің басшысы Еркінбек Оразәлі.
Жүк көліктерінің тағы қанша күн тапжылмай тұратынын ешкім нақты айта алмады. Белгілісі сараптама қорынтыдысы шықпайынша, олар орнынан қозғалмайды.
Лаура Бабас, Абзал Тұрабеков, Шымкенттен
Оқи отырыңыз: Оралда телефон алаяқтарына жәрдемдескен күдікті ұсталды