Кеген ауданында Мәдениет үйі ашылды

19.12.2025 19:30

Нысанның құрылысы былтыр қыркүйекте басталған

Алматы облысы Кеген ауданында Мәдениет үйі ашылды. Жылысай ауылындағы салтанатты іс-шараға облыс әкімдігінің өкілдері, аудан басшысы, мемлекет және қоғам қайраткерлері мен ауылдағы ағайын қатысты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Нысанның құрылысы былтыр қыркүйекте басталған. Жалпы аумағы мың жарым шаршы метр болатын ғимаратта бокс, шахмат, кітапхана және басқа да өнер үйірмелеріне арналған бөлме қарастырылған. Сыйымдылығы 120 орынға шақталған мәдениет үйінің құрылысына бюджеттен 1 миллиард 25 млн теңге қаражат жұмсалған.

«Қаладағыдай емес, ауылда бөлек-бөлек спорт секциялары бола бермейді. Мәдениет үйі ауылда шахмат, күрес, бокс деген секілді үйірмелермен қамтамасыз етіп отыр. Сонымен қатар ауданымызда «Кеген халқы» театры бар. Әр ауданда гастрольдік сапарда боламыз», – деді Кеген аудандық мәдениет үйінің директоры Еркебұлан Нұрбайұлы

Мәдениет үйі көрермендерге арналған үлкен сахнамен және бірнеше қызметтік бөлмемен жабдықталған. Сонымен қатар ашық аспан астында түрлі іс-шара өткізуге арналған алаңы бар. Аудан әкімінің айтуынша, биыл өңірде 3 мәдени нысан пайдалануға берілген. Ал келесі жылы тағы қос ғимараттың құрылысын бастау жоспарланып отыр.

«Шалғайда жатқан ауыл болғандықтан мәдени, рухани және спорттық іс-шараларға арналған ғимарат талап етеді. Облыстан жақсы қолдау бар. Тағы екі елдімекенге мәдениет үйінің құжаттарын дайындап отырмыз. Медицина саласында биыл 14 ғимарат салынып бітіп, қолданысқа шетінен беріліп жатыр», – деді Кеген ауданының әкімі Нұрбақыт Теңізбаев.

Салтанатты іс-шара фольклорлық-этнографиялық ансамбльдер мен түрлі ұжымдар өнер көрсеткен концерттік бағдарламамен жалғасты. Жаңа мәдени ошақ ауыл тұрғындарының шығармашылықпен айналысуына және бос уақытын тиімді өткізуіне мүмкіндік береді. Сондай-ақ өңірдің мәдени әлеуетін арттырып, ауыл өміріне жаңа серпін бермек.

Мәди Мәлік, Олжас Омарбек, Жақсылық Тілепберген