«Дарбаза» су құбыры зақымданған
Түркістан облысындағы Келес өзенінің үстінен өтетін көпір опырылып түсті. Оқиға Қошқарата ауылдық округі аумағында болған, деп хабарлайды Almaty.tv.
Әлеуметтік желіде тараған видеода үлкен көпірдің әп-сәтте қирап қалғаны көрінеді. Жауаптылардың айтуынша, өткелдегі қауіп-қатер дер кезінде анықталып, жолдағы қозғалыс алдын ала тоқтатылған. Дегенмен апат салдарынан көпір арқылы өткен «Дарбаза» су құбыры зақымданыпты. Қазір көлік қатынасы уақытша жабылып, айналма жолдар ұйымдастырылған. Қошқарата ауылдық округі мен Ұшқын ауылының 137 абоненті үшін ауыз су тасымалданып жатыр.
Айта кетейік, опырылған көпір 1970 жылы салынған. 15 жыл бұрын орташа жөндеуден өткізіліпті. Сондай-ақ былтыр көпірдің жағалаулары бетонмен бекітілген екен.
«Оқиға салдарынан адам шығыны және зардап шеккендер жоқ. 17 желтоқсанда шұғыл түрде аудандық төтенше жағдайлардың алдын-алу және жою жөніндегі комиссиясының отырысы өткізілді. Аудан әкімімен құзырлы мекемелерге халықты айналма жолдар бойынша ақпарат таратып, сонымен қатар полиция қызметіне тәуіліктік кезекшілік ұйымдастыруды тапсырды», – деді Келес ауданы Төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Жеңіс Лесбаев.
Оқи отырыңыз: Облыс әкімі аутизмі бар балаларға арналған оңалту орталығында болды