Бұл - құрыштай мықты білек күші мен темірдей төзімді қажет ететін ауыр жұмыс
Қарағанды облысының Шахтинск қаласында көмір өндірісінде еңбек өтілі 150 жылдан асатын кеншілер әулеті тұрады. Бұл - құрыштай мықты білек күші мен темірдей төзімді қажет ететін ауыр жұмыс. Сондықтан оған кез келген адам бара бермейді. Ал Сергей Чернобайдың отбасы кенші қайласын бек ұстап, ауыр еңбекті абыроймен атқарып жүр. Бүгінде өзі, әйелі және екі ұлы көмір шахтасында жұмыс істейді. Адал еңбегімен елге етене танылған жанұя жайлы Аlmaty.TV тілшісі Жанбота БЕЙСЕМБАЙҰЛЫ айтып береді.
Сергей Чернобай 40 жыл бойы көмір шахтасында еңбек етіп келеді. Қазір ол конвейер учаскесінің бастығы. Ал тау-кен саласындағы айтулы жетістігі және ұзақ жылғы еңбегі үшін еңбегі кеншіге бүгін «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы берілді.
«Әскерден келген соң шахтаға жұмысқа орналастым. "Шахтинск" кенішіне 1985 жылы монтаждаушы болып келдім. Әкем де, шешем де - кеншілер. Олар Ленин атындағы шахтада еңбек етті», - дейді ҚР Еңбек Ері Сергей Чернобай.
Кеншінің жұбайы Наталья Чернобай да 20 жылдан бері шахтада еңбек етеді. Ол - жүк көтергіш техниканың машинисі. 350 метр тереңдіктен көмірді жоғары көтереді.
«Көмірді жоғарыға тасып, вагондарға тиеп береміз. Бұл техниканы басқару оңай емес. Тетіктерді дер кезінде басып, жүкті уақытылы қабылдауың қажет. Қауіпсіздікті басты орынға қоямыз», - дейді жүк көтергіш техникасының машинисі Наталья Чернобай.
Чернобай әулетінің көмір өндірісіндегі жалпы еңбек өтілі 150 жылдан асады. Сергей мен Натальяның екі ұлы да ата-анасының жолын қуған. Қазір үлкені Станислав - шахтада тау-кен шебері.
«Мен шахтерлер әулетін мақтан тұтамын. Мәртебелі мамандық тек физикалық шыдамдылықты ғана емес, мықты мінезді де талап етеді. Аға буын өкілдерінің сөзін тыңдап, үнемі үйренуден жалықпаймын», - деді тау-кен шебері Станислав Чернобай.
Ал Юрий конвейер учаскесінде еңбек етіп жүр. «Кенші болу бала күнгі арманым еді» дейді ол.
«Әке-шешем осы салада көп жыл адал еңбек етіп келеді. Олар бізді еңбекке баулып, жұмысты адал атқаруға тәрбиеледі. Үлкендер салған сара жолды бұзбай, жауапкершілікпен жұмыс істеп жүрміз», - деді конвейер учаскесі басшысының орынбасары Юрий Чернобай.
Бүгінде Сергей мен Наталья Чернобайдың екі ұлдан алты 6 немересі бар. «Олар да кенші мамандығын таңдаса қарсылық білдірмейміз» дейді үлкендер. Себебі еңбекті бағалап, жұмысшы қауіпсіздігін жақсартуды, өндіріске цифрлық технологияны енгізуді Мемлекет басшысының өзі тапсырып отыр. Шахтадағы осындай оң өзгерістерді көзімен көріп жүрген еңбек адамдары болашаққа сеніммен қарайды.
«Автобустар, өзге де техникалар жаңартылды. Еңбек қауіпсіздігіне көңіл бөлініп жатыр. Рациялар берілді. Мұның барлығы жұмыс жағдайын, өндіріс қауіпсіздігін жақсартады. 13-жалақыны да берді, бұрын ол мүлде болмаған. Кейінгі жасалған ұжымдық келісімшартта жұмысшылар мүддесі жақсы ескерілген. Шахтадағы осындай оң өзгерістерді көріп жастар да жұмысқа келіп жатыр», - деді ҚР Еңбек Ері Сергей Чернобай.
Қарағандыдағы 8 көмір шахтасында радиобайланыс және позициялау жүйесі енгізілуде. Ол шахтада цифрлық «қорғаныс» ретінде жұмыс істейді. Төтенше жағдай туындаған кезде жүйе көмегімен учаскені тез анықтауға жол ашады. Құтқару қызметін жіберуге мүмкіндік береді. Өндіріске жаңа технологиялар енгізіліп, техникалар автоматтандырылуының арқасында шахтер мамандығы тек еңбек әулеті өкілдерінің ғана емес, жоғары оқу орындары түлектерінің де қызығушылығын арттыра түсті. Болашағын тау-кен саласымен байланыстырғысы келетін жастар көбейген.
Жанбота Бейсембайұлы, «Алматы» телеарнасы үшін Қарағанды облысынан
Оқи отырыңыз: "Ең әсерлі сәттің бірі": Президент марапаттаған қарапайым еңбеккерлер қуанышы