Кентау қаласында 75 жыл жөнделмеген тұрғын үйлер жаңартылды

Шаһар мен оған қарасты ауылдарда 376 көпқабатты тұрғын үй бар

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Түркістан облысының Кентау қаласында 75 жылдан бері жөндеу көрмеген тұрғын үйлер бар. Шатыры тесіліп, қасбетінің сылағы түсіп қалған баспаналарда тұратын жергілікті жұрттың көптен бергі тілегі орындалды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Көп қабатты үйлер өткен ғасырдың 1960 жылры салынған. Содан бері жөндеу жүргізілмей, әбден тозған. Шатыры тесіліп, қасбетінің сылағы түсіп қалған. Жергілікті жұрт соңғы кездері қонақ шақыруға ұялатын болған.  Енді үйлері толық жаңғыртудан өтіп жатыр. Тұрғындардың қуанышында шек жоқ. Жаңа баспанаға кіргендей әсерде жүргенін айтты.

"Суретке түсіп қалса, жұрт "үйге жарылғыш зат түскен бе?" дейтін. Ұялатынбыз.  Үйдің шатырын ауыстырып, кәріз құбырын, элеваторларды жаңарттық, тек сырты қалды", – деді Кентау қаласының тұрғыны Эллара Тәжібаева.

Кентау қаласы мен оған қарасты ауылдарда 376 көпқабатты тұрғын үй бар. Оның 342-сі қалада болса, 34-і ауылдарда орналасқан. Көбі ескірген. Қазір олар күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Тұрғындар жауапты мекемемен келісімшартқа отырып, кеткен қаражатты 10 жылға дейін бөліп төлеу мүмкіндігін алады. Сәйкесінше, материалды да өздері таңдайды.

"Кентау қаласымен түйедей құрдас үйлер бар. Пәтер саны аз болғандықтан кондоминиумға кіріп, одан кейін күрделі жөндеу бойынша адам саны жеткіліксіз болғандықтан мәселе туындаған. Аллаға шүкір, барлық тұрғын келісімен беріп, жаңғырту жұмыстары басталды"– деді құрылыс компаниясының директоры Бақытжан Әбдіғаппарұлы.

Дәл қазір 38 тұрғын үйдің қасбеті ауыстырылып, кіреберістері сырлануда. Жыл соңына дейін олар да аяқталып, кенді қаланың көпқабатты үйлерінің сырты 100 пайыз жаңарады.

Нұркен Әкімхан, Түркістан облысы

Оқи отырыңыз: Тіл шебері: Алматыда дәстүрлі қалалық байқауы өтті

Новости партнеров