Кезек күту азайды, сапа артты: Алматыдағы медициналық мекемелер жаңа стандартқа көшті

Ботагоз Жокенкызы

Алматының Бостандық ауданында былтыр жыл соңында бір ауысымда 500 адамға қызмет көрсететін емхана ашылды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда соңғы бір жылдың ішінде бірқатар медициналық мекеме реконструкциядан өтіп, бірнеше жаңа нысан ел игіліне берілді. Сондай-ақ  емханаларда кезек күтуді азайту үшін дәрігерлермен қатар, мейіргерлердің қабылдау жүргізу тәжірибесі енді. Олар науқастың қан қысымын өлшеп, сау өмір салты, дұрыс тамақтану және дәрілерді қабылдау ережелері бойынша кеңес бере алады, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Алматының Бостандық ауданында былтыр жыл соңында бір ауысымда 500 адамға қызмет көрсететін емхана ашылды. Бұл – бірыңғай стандартпен жұмыс істейтін еліміздегі тұңғыш медициналық мекеме. Заманға сай салынған нысан диагностикалық және емдік құрал-жабдықтармен толық қамтылған әрі мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін толық бейімделген. Сондай-ақ онда қосымша амбулаториялық хирургия орталығы ашылыпты. Одан бөлек, тұрғындарды сапалы медициналық қызметпен қамтамасыз ету үшін № 4 қалалық ауруханада науқастарды жедел қабылдау жүйесі енгізілді. Яғни, келушілер бірден жағдайының ауырлығына қарай жіктеледі. Бұл бөлімшенің тәуліктік қабылдау мүмкіндігін айтарлықтай арттырып, шұғыл көмекті жылдамдатуға мүмкіндік берді. Бұған қоса, аталған аурухананың қабылдау бөлімшесі былтыр қайта жаңғыртылды. Құрылыс барысында мекеменің 7 мың шаршы метрге жуық аумағы жаңарып, инфаркт кезіндегі көмекті жеделдетуге бағытталған орталық ашылды.

«Қабылдау бөлімшесінде  4 ота бөлмесі,оған қосымша 12 орындық  жансақтау бөлімшесі ашылды. Жаңадан ангиограф, МРТ, рентген, УЗИ сынды медициналық жабдықтар қосымша орнатылды», – деді № 4 қалалық клиникалық ауруханасының бас дәрігері Біржан Досмаилов.

Сондай-ақ Жетісу ауданында 20 мың тұрғынға арналған жаңа емхана іске қосылды. № 12, 20, 22, 23 және 27 емханалар мен № 8 жедел жәрдем стансасы күрделі жөндеуден өтті.

«Жаңа стандарт бойынша емхана Түрксіб, Наурызбай аудандарында салынып жатыр. Перзентхана Сейфуллин көшесінің бойындағы перзентхана жөнделіп жатыр»,  – деді қалалық мәслихат депутаты Әкім Тұрсын.

 Сондай-ақ биыл сәуірде мегаполисте Қазақстандағы алғашқы крематорий іске қосылды. Жаңа кешенде Чехияда жасалған заманауи әрі көпсатылы сүзгі жүйесі бар сапалы жабдықтар орнатылған. Бір кремация рәсімі шамамен екі сағатқа жуық уақыт алады.

Айта кету керек, бұл процедура тек ерікті түрде жүзеге асады және оның құны 240 мың теңге деп белгіленген.

«Новосибирск қаласында 6 күн оқып, тәжірибе жинап келдік. Алматыда 2 пеш бар. Ол автоматтандырылған. Тек табыт пен мәйітті салу керек», – деді қалалық патологоанатомиялық бюросының қызметкері Қайыржан Исабеков.

Былтыр Алматыда жедел медициналық жәрдем қызметіне 50 арнайы автокөліктің кілті табысталды. Оның ішінде 12 дана С класты реанимобиль және 38 дана В класты санитарлық көлік бар.

Айта кетейік, диспетчерлік қызмет тәулігіне шамамен 3 мың қоңырау қабылдайды, ал жедел жәрдем бригадалары күніне 2600 шақыртуға дейін шығады.

Саланы цифрландыру ісі де қарқын алған. Электронды медициналық карталар енгізіліп, дәрігерге онлайн жазылу мүмкіндігі берілді. Нәтижесінде уақыт үнемделіп, медициналық көмекке қол жеткізу үдерісі жеңілдеп келеді.

Гүлмарал Изатқызы, Ғани Қалуов

Оқи отырыңыз: Алматыда Балаларды қорғау күніне арналған қалалық фестиваль өтті

Новости партнеров