Халықаралық еріктілер жылы: Алматыда еріктілерді цифрлық есепке алу ісі қолға алынады

Жыл соңына дейін 200-ден астам іс-шара өтеді деп жоспарланған

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Биыл – Халықаралық еріктілер жылы. Алматыда жыл соңына дейін 200-ден астам іс-шара өтеді деп жоспарланған. Бұл туралы қалалық Жастар саясаты басқармасының басшысы айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Алматыда 712 мыңнан астам жас тұрады. Сондықтан алып мегаполис елдегі еріктілер қозғалысын дамытуда ерекше мәртебеге ие. Мәселен биылдың өзінде шаһарда сегіз бағыт бойынша 200-ден астам іс-шара өткізу жоспарланған. Жыл бойы «100 игі кездесу» жобасы, Birgemiz Inclusion инклюзивті бағдарламасы, «Ұрпақтар диалогы – Алматы» тәлімгерлік бастамасы, жануарларды қорғау, мәдениет, қалалық хакатондар, муралдар мен подкасттар туралы жобалар жүзеге асады екен.

«Осы бағыттағы маңызды жобалардың бірі –л волонтерге арналған инфрақұрылымды дамыту. Алматыда 11 комьюнити-орталық бар. Солардың аясында бір комьюнити орталықты волонтерлік үйі деп атасақ болады. Өйткені көптеген волонтерлік ұйым сол жерде бас қосады», – деді Жастар саясаты басқармасының басшысы Азиз Қажденбек.

Ал сыбайлас жемқорлыққа қарсы жастар қозғалысының жетекшісі Тұрлан Ерболаттың сөзінше, алматылық еріктілер сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға атсалысып келеді. Былтыр бұл шаруаға 300-ден астам адам жұмылыпты. Олар жол жөндеу жұмысының сапасын, балалар мен спорт алаңдарының жағдайын, саябақтар мен қоғамдық кеңістіктердің тазалығын, сондай-ақ мемлекеттік сатып алудың жекелеген рәсімдері мен көлік инфрақұрылымы нысандарын тексерген.

«Волонтерлер құқық қорғау органдарымен бірлесе отырып, Алматы-1 және Отар бағыты бойынша пойыздарды тексерді. Қоғамдық қауіпсіздік пен азаматтардың құқығының сақталуына бағытталған жұмыстарға атсалысты. Жоба шеңберінде оқу орындары мен колледждерде тұрақты кездесулер өткізіліп, жастарға адалдық, жауапкершілік және «Заң мен тәртіп» қағидаттары жүйелі түрде түсіндірілді», – деді  «Әділет жастар одағы» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жастар қозғалысының жетекшісі Тұрлан Ерболат.

Одан бөлек, жауаптылардың сөзінше, Алматыда еріктілерді цифрлық есепке алу ісі қолға алынады. Жаңашылдыққа сәйкес, әр адамның мәртебесі, жеке статистикасы, миссиялары мен жетістіктері көрсетілетін еріктілердің цифрлық паспорты қалыптасады. Сонымен қатар Volu-Coins атты ынталандыратын валюта енгізу де жоспарланып отыр. Оны жабық іс-шараларға қатысып, бренд өнімдер алып, қоғамға белгілі адамдармен кездескенде пайдалануға болады екен.

Гүлмарал Изатқызы, Мақсат Күнібек

Оқи отырыңыз: Алматылықтар ақша жинап, кейін үй сатып алу стратегиясын таңдайды - Кәмшат Оңалбаева

Новости партнеров