Алматылықтар ақша жинап, кейін үй сатып алу стратегиясын таңдайды - Кәмшат Оңалбаева

Тұғындар қаржылық ұйымдарда жалпы сомасы 410,4 млрд теңгеге жуық 360 мың депозит ашқан

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда әрбір алтыншы тұрғын баспана алуға ақша жинап жүр. Қалада тұрғын үйге сұраныс бұрынғыдан да артып, алматылықтар үйді несиеге емес, алдымен жинақ арқылы алуға көшкен. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Отбасы» банкінің өкілдері жыл қорытындыларын жариялап, 2026 жылғы жоспарын таныстырды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Алматылықтар қаржылық ұйымдарда жалпы сомасы 410,4 млрд теңгеге жуық 360 мың депозит ашқан. Нәтижесінде 70 мың 284 отбасы баспаналы болған. Сәйкесінше, тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесіне қызығушылықтың артқаны анық байқалады. Соңғы үш жылда жаңа салымдар саны үш есеге артқан. Тек былтырдың өзінде қала тұрғындары 86,9 мың жаңа депозит рәсімдеп, рекордтық межені жаңартты.

«2025 жылы Алматы тұрғындары рекордты 86,9 мың депозит ашылды. Жинақ сомасы да арта түсті. Бұл – алматылықтарды жай ғана шот ашып ғана қоймай, өз тұрғын үйін сатып алуға белсенді және мақсатты түрде қаражат жинап жатқанының айқын көрінісі. Қала тұрғындарының басым бөлігі болашақта анағұрлым шартпен және азырақ кредиттік жүктемемен тұрғын үй сатып алу үшін алдымен ақша жинап, кейін үй сатып алуға стратегиясын таңдайды», – деді қалалық «Отбасы банк» бөлімшесі директорының орынбасары Кәмшат Оңалбаева.

Былтыр банк Алматы тұрғындарына 16 мың 444 қолжетімді қарыз берген. Бұл ретте «Наурыз» бағдарламасы мен оның «Наурыз жұмыскер» бағыты ерекше сұранысқа ие. Бағдарлама арқылы 2230 алматылық және «жұмыскер» бағытымен 750 кәсіпорын қызметкері қоныс тойын тойлаған. Жалпы берілген қарыз көлемі 44,5 трлн теңге. Компания өкілдерінің айтуынша, жоба тек үй алуға мүмкіндік беріп қоймай, қаржылық тәртіпті қалыптастырып отыр. Салымшы неғұрлым ұзақ әрі көбірек ақша жинаған болса, соғұрлым пайыздық мөлшерлеме төмендейді. «Наурыз» бағдарламасы биыл да жалғасып, өтініш қабылдау дәстүрлі түрде наурыз айында басталады. Қаладағы тағы бір өзекті бағдарламалардың бірі – «Алматы жастары». Былтыр оның көмегімен 2189 тұрғын үйлі болды. Жоба биыл наурызда қайта ашылады деп күтілуде.

«2026 жылы банктің жоспары бойынша бағдарламалар жалғасады. «Наурыз», «Алматы жастары», «Наурыз-әскери» бағдарламасы болады. Өзгерістер болмайды. Бұрынғы шарттармен жүзеге асырылады. «Ұмай» бағдарламасы бойынша қазіргі таңда келісімшарт жүзеге асырып жатырмыз», – деді «Отбасы банк» бөлімшесі бизнесті дамыту департаменті басшысының орынбасары Шах-Мұхаммед Жақан.

Оқи отырыңыз: Алматы кәсіпорындары энергетикалық секторды цифрландыруға үлес қосуда

 

 

Новости партнеров