Халықаралық іздеуде жүрген әйел Түркиядан елге жеткізілді

09.01.2026 09:58

Күдікті тұрғындарды 130 млн теңгеге алдап кеткен

Бас прокуратура мен Интерпол Ұлттық орталық бюросы ҚР Сыртқы істер министрлігінің жәрдемдесуімен Түркия Республикасынан бірнеше рет алаяқтық жасағаны үшін іздеуде жүрген Қазақстан Республикасының азаматшасын елге қайтарды, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Бас прокуратураның хабарлауынша, күдікті 2024 жылы Қызылорда қаласында жәбірленушілерге зергерлік бұйымдарды төмен бағамен сатып алып беремін деп уәде беріп, алдау жолымен олардың ақша қаражаттарын иемденген.

"Оның қылмыстық әрекеттерінің салдарынан 8 адам жапа шегіп, оларға жалпы сомасы шамамен 130 млн теңгеге материалдық залал келген. Қылмыстарды жасағаннан кейін күдікті ел аумағынан тыс жерге бой тасалап, халықаралық іздеуге жарияланған", - делінген ведомство хабарламасында.

Жүргізілген іздестіру іс-шаралары барысында ол Түркия Республикасының аумағында ұсталды.

Қазіргі уақытта күдікті тергеу изоляторына қамалды. Оған тағылған қылмыстар үшін мүлкі тәркіленіп, бес жылдан он жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.

Оқи отырыңыз: Жеті баланың әкесі: Ақмола облысында 2,5 ай бұрын жоғалған ер адам іздестіріліп жатыр