Халықаралық әйелдер күні қарсаңында аруларына бір реттік қаржылай көмек беріледі

05.03.2026 15:36

Қаржылай қолдау елдің өсіп-өркендеуіне үлес қосып, ұрпақ тәрбиелеп отырған аналарға арналмақ

Almaty.tv

Халықаралық әйелдер күні қарсаңында Шымкенттің аруларына бір реттік қаржылай көмек беріледі, деп хабарлайды Almaty.tv.

Мұндай игілікті мегаполисте тұратын 15 мыңға жуық әйел көрмек. Берілетін төлем мөлшері – 5 айлық есептік көрсеткіш, яғни 21 мың теңге. Алайда бұл көмек барлық әйелге бірдей үлестірілмейді. Қаржылай қолдау елдің өсіп-өркендеуіне үлес қосып, ұрпақ тәрбиелеп отырған аналарға арналмақ.

Атап айтқанда, «Алтын алқа», «Күміс алқа», «Батыр ана» медалінің иегерлері мен I-ші және II-ші дәрежелі «Ана даңқы» орденімен марапатталған жандар төлемге ие болады. Ал оны алу үшін қалада тұрақты тіркеуде болу қажет.

«Қалаға көшіп келеді. Бірақ жәрдемақыларын қалаға тіркемейді. Осындай жағдайда азаматтарға төленбей қалуы мүмкін. Төлемі басқа ауданда, мекенжайы Шымкентте болған жағдайда, берілмейді. Ол екеуі де қалада болуы керек. Жәрдемақысы да, мекенжайы де қалада тұрақты тіркеуде болуы керек», – деді қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының бас маманы Ұлдана Бекбау.

Оқи отырыңыз: «Бір ауыл – бір өнім» жобасы арқылы Алматыда қанша әйел бизнес бастады