Жарысқа Қазақстан, Қырғызстан, Армения, Беларусь және Ресейден келген командалар қатысты
Алматыда ТМД елдері кинологиялық қызметтерінің XIV халықаралық сайысы өз мәресіне жетті. Жарысқа Қазақстан, Қырғызстан, Армения, Беларусь және Ресейден келген командалар қатысып, өзара мықтыны анықтады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Төрт күнге созылған турнир барысында қатысушылар жүк салғыштан, жеңіл және жүк көліктерінен, сондай-ақ үй-жайлардан есірткі заттарын анықтау бойынша практикалық тапсырмалар орындады. Сонымен қатар қызметтік-іздестіру иттерінің мойынсұну дағдылары бағаланды.
«Қатысқан кинологиялық командалардың дайындығы өте мықты. Өйткені бал арақашықтығы онша көп емес. Өте белсенді өтті. Кинологиялық командалардың барлығы және қызметтік иттердің есірткі құралдарды іздеуге өте жоғары деңгейде дайындалған», – деді Кинология орталығы оқу үрдісін ұйымдастыру бөлімінің басшысы Мөлдір Әлішерова.
Сайыс қорытындысы бойынша отандық кинологтар үздік нәтиже көрсетіп, бірінші орын иеленді. Екінші және үшінші орындарды Беларусь пен Ресей командалары қанағат тұтты. Ал үздік нәтиже көрсеткен қатысушыларға алғыс хат табысталды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, іс-шара мамандарға кәсіби тәжірибе алмасып, ТМД елдерінің кинологиялық бөлімшелері арасындағы өзара іс-қимылды нығайтуға мүмкіндік берді.
«Жоғары деңгейдегі халықаралық сайысқа алғаш рет қатысып отырмыз. Жеке өз басым бірінші рет келдім. Ал біздің елдің өкілдері бұрын да қатысқан. Турнирге ұзақ әрі тыңғылықты дайындалдық. Алайда климат салқын болғандықтан ыстық ауа райын күтпедік. Соған қарамастан, өзімізді де, иттерімізді де лайықты көрсете алдық деп ойлаймын. Қолымыздан келгенше барымызды салдық», – деді қатысушы Наталья Евлошевич (Беларусь).
Оқи отырыңыз: Алматыда қатты отыннан шығатын зиянды шығарындыны азайту жұмыстары жалғасып келеді