Орталық Азияда осы бағытта жүйелі жұмыс жүргізіп жатқан жалғыз кәсіпорын индустриялық аймақта орналасқан
«Мұнда электрондық қалдықтар арнайы технология арқылы өңделіп, олардан қайта пайдалануға жарамды ұсақ бөлшектер мен шикізат алынады". Алматы қаласының индустриялық аймағында орналасқан кәсіпорынға ат басын бұрған Парламент мәжілісінің депутаты Нұргүл Тау қоқыстың электронды бөлшектер, батареялар мен аккумуляторлар экожүйеге үлкен залал келтіретіні айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Елде қоқыстың тек 10 пайызы сұрыпталып, қайта өңдеуге жіберіледі. Қалғандарын өртеп, жер астына көміп, полигондарға тасымалдайды. Қалдықтардың ішінде аса қауіпті санаттағылары да бар. Олар – электронды бөлшектер, батареялар мен аккумуляторлар. эколог мамандар «қоқыстың дәл осы түрі экожүйеге зияны көп» деп отыр. Мұндай қоқыстардың құрамындағы ауыр металдар мен химиялық қоспалар табиғи айналымға еніп, адам денсаулығына да қауіп төндіреді. Орталық Азияда осы бағытта жүйелі жұмыс жүргізіп жатқан жалғыз кәсіпорын Алматы қаласының индустриялық аймағында орналасқан. Мұнда батареялар арнайы технология арқылы өңделіп, олардан қайта пайдалануға жарамды ұсақ бөлшектер мен шикізат алынады.
«Экология мәселесін көтергеніме екі жылдай болды. Астана, Алматыдағы қоқыс полигондарының барлығына барып келдім. Өңдеуді 90 пайыз өңдеп, 10 пайызын ғана көметіндей жағдайға жеткізсек, керемет болар еді. Жерімізді сақтап қалуымыз керек. Судың ішіне салған батарея 5-6 салғаннан кейін 30 минуттың ішінде қандай өңге боялатынын көресіздер», – деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Нұргүл Тау.
Кәсіпорын айына 50 тоннаға дейін аккумулятор қабылдап, оларды өңдеуге қауқарлы. Нәтижесінде литий құрамды ұнтақ, алюминий мен мыс секілді бағалы материалдар бөлініп алынады. Бұл табиғи ресурстарды қазбай-ақ, оны қайта өндіріп алуға жол ашады. Сонымен бірге су мен энергияны үнемдеуге ықпал етеді.
«Қоқысты сұрыптап тастау, осындай жерлерге өткізу мәдениеті қалыптаспаған. Осыған орай ойлаймын, үгіт-насихатты кһбейту керек. Екіншіден, қандай да бір заңдық тұрғыда жүйелі мәдениет қалыптастыру үшін біраз жұмыс жасау керек», – деді қалалық мәслихат депутаты Жалынбек Жайнарбай.
«Елде электрондық қалдықтарды сұрыптап, қайта өңдеуді алғашқылардың бірі болып жасай бастадық. Ал аккумуляторлар мен батареяларды қайта өңдейтін Орталық Азияда тек біз. Кәсіпорнымыз шағын, мұнда 25 адамға дейін жұмыс істейді. Өндірістік қуатымыз айына - 50 тонна. Негізі қалдықтардың түр-түрін қайта өңдеп, пайдаға жарату үшін сатамыз», – деді өндірістік кәсіпорын директоры Рустамжан Юнусбаев.
Мамандардың пікірінше, мұндай зауыттарды көбейту үшін қоғамда қоқысты сұрыптау мәдениетін қалыптастыру маңызды. Қалдықтарды бөлек жинауды әдетке айналдырсақ, экологиялық бастамалар жүйелі дамып, қоқыстарды пайдаға жаратуға мүмкіндік туады.
Әйкерім Пернебек, Жақсылық Тілепберген