Халық қатысатын бюджет: биыл Алмалы ауданында 19 жоба іске асады

Көгалдандыру аясында ауданның сегіз негізгі көшесінің бойына 69 мыңнан астам бұта, сондай-ақ әртүрлі учаскелерге 300 ағаш отырғызылған

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Биыл Алматының Алмалы ауданында  «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында 19 жоба іске асады. Оның 11-і аулаларды абаттандыруға бағытталса, 8-і қоғамдық кеңістіктерді ретке келтіріп, көгалдандыру ісіне арналған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бұл – Алмалы ауданындағы көпқабатты үйлердің аулаларының бірі. Қарапайым аумақ бүгінде көз тартатын шағын баққа айналған. Жасыл желек пен ерекше безендіру элементтері - барлығы тұрғындардың еңбегі. Жоба авторы Наталья Лазарева бастама көтеріп, аула өзгеше кейіпке енген.

«2023 жылы Халық қатысатын бюджет деген бағдарламаның барын білдік. Алғашында сенбедік, бірақ уақыт өте келе расымен жұмыс істейтінін түсініп, бірден өз жобамызды ұсынуға әрекет ете бастадық. Мұндағы тұрғындар да бірден келісіп, қол жинап берді. Бұрын мұнда су ағып, әбден мезі еткен еді. Қазір соның бәрі әдемі үйлестіріліп, ерекше кейіпке енді. Жүзеге асыру барысында аудан әкімдігі мердігерлерді үнемі бақылап, көп көмектесті», – деді жоба авторы Наталья Лазарева.

Наталья ауланы бірнеше жылдан бері күтіп-баптап келеді. Айтуынша, қазір мұнда уақыт өткізуге балалар да, үлкендер де ынтық. Тіпті, бұл аумаққа жастар арнайы келіп, суретке түсіп, әлеуметтік желіге жүктеп жатады.

«Ауламыз кешқұрым мүлдем басқа кейіпке енеді. Жарық бағаналары қосылып, көңілге жайлылық сыйлайды. Ал төбеге ілінген шамдар нағыз эстетикалық көңіл-күй сыйлайды», – деді жоба авторы Наталья Лазарева.

Аудан әкімдігі өкілдерінің сөзінше, Алмалыда жайлы қоғамдық кеңістіктер қалыптастыруға ерекше көңіл бөлініп отыр. Мәселен, биылдың өзінде бірқатар жобаны жүзеге асыру жоспарланыпты. Одан бөлек, көгалдандыру аясында ауданның сегіз негізгі көшесінің бойына 69 мыңнан астам бұта, сондай-ақ әртүрлі учаскелерге 300 ағаш отырғызылған. Аудан әкімдігі назарға алып отырған басты мәселелердің тағы бірі – Алмалыны таза ұстау. Мамандардың сөзінше, аулалар мен көшелердің тазалығын қамтамасыз ету үшін күн сайын ауқымды жұмыс жүргізіледі.

«Алмалы ауданының ішінде 190 шақырымдай жол бар. Оның ішінде және 861 аула бар, сквер, аллея, парк бар. Соның тазалығына қарайтын бізде мыңнан астам жұмысшы және 230-дай арнайы техника жұмыс атқарады. Күнделікті осындай техникамен жұмысшылар шығады. Одан басқа ауданда тұрғындардың өтінішіне орай 3 мобильный топ жұмыс істейді», – деді Алмалы ауданы әкімі аппараты көріктендіру бөлімінің бас маманы Керімхан Әбдірахман.

Биыл да ауданда абаттандыру жұмыстары жалғасады. «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында 19 жоба жүзеге асырылып, ондаған аула жаңартылады. Мамандардың айтуынша, мұндай өзгерістер тұрғындардың белсенділігінің арқасында жүзеге асуда.

Гүлмарал Изатқызы, Ғани Қалуов

Оқи отырыңыз: Алматыда қандай ғылыми зертханалар ашылды

Новости партнеров