Халық қатысатын бюджет: Түрксіб ауданында 24 жоба іске асады

Almaty.tv
Almaty.tv

Бұған дейін қоқыс алаңына айналып, адам аяқ басуға қорқатын аумақ бүгінде көрікті кейіпке енген

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматының Түрксіб ауданындағы Жас қанат шағынауданында «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында іске асып жатқан жоба 90 пайызға дайын, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Бұған дейін қоқыс алаңына айналып, адам аяқ басуға қорқатын аумақ бүгінде көрікті кейіпке енген. 2 гектар аумақтан 140 көлік қоқыс шығарылып, ретке келтіріліпті. 2 мың шаршы метр тротуар жолы төселіп, жарықтандыру жүйесі жөнге келтірілген. 

«53 дана жарықтандыру желілерін салдық. Оның ішінде өздеріңіз көріп тұрғандай, үш декоративтік сәндік жарықтандыру орнатттық. 15 орындық пен қоқыс жәшіктері орнатылды. Барлық жасыл желекке автоматты түрде суару жүйесі орнатылды», – деді Түрксіб ауданы көріктендіру бөлімінің басшысы Нұрсұлтан Оразымбетов.

Жауапты мамандардың сөзінше, биыл күзде бұл аумақта ағаш отырғызу жұмыстары басталады. Ал келер жылы бұталар мен сәндік өсімдіктер егілмек. Бұған ықшамаудан тұрғындары да дән риза. Азаматтар кешқұрым балалармен келіп, серуен құруға өте жайлы болды дегенді алға тартады.

Айта кетейік, Түрксіб ауданында биыл «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында 24 жоба іске асады. Мердігерлердің жұмысты уақытылы әрі сапалы аяқтауы қатаң бақылауда.

«Ішіне топырақ төкті, бұрын жер шұңқыр-шұңқыр болатын. Балалардың еңбегі! Бұдан артық не керек? Рахметтен басқа айтарым жоқ», – деді қала тұрғыны Егеу Мұсанов.

Оқи отырыңыз:  Алматы мектептері жаңа оқу жылына дайын: 356 мыңнан астам оқушы қабылданды