Халық қатысатын бюджет: Алатау ауданында қандай нысандар бой көтерді

Келер жылы шаһарды абаттандыру және көгалдандыру бағытын қаржыландыру 40 пайызға ұлғаймақ

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда келер жылы "Халық қатысатын бюджет" бағдарламасына 17 млрд теңгеден астам қаражат бөлінбек. Шаһарды абаттандыру мен көгалдандыруға жұмсалатын қаржы көлемі 40 пайызға ұлғаймақ, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Алатау ауданында "Халық қатысатын бюджет" жобасы аясында бірнеше нысан бой көтерген. Бүгін аудан әкімі мен жоба авторлары бағдарлама негізінде іске асырылған 3 ірі нысанмен танысты. Бұл игіліктер тұрғындардың өмір сүру жағдайын жақсартуға және қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған. Алғашқысы – "Қарасу" шағынауданындағы сквер. Бұл жер бұрын қалың қамыс басқан қауіпті орын болған. Қазір әсем демалыс орнына айналыпты.

"Біздің сквер салу себебіміз – бұл жерде қамыстар 3 метрдей болатын. Жазда қамыс жанып, өрт сөндіру қызметін шақыратынбыз", – деді аудан тұрғыны Гаухар Шералиева.

"Саябақ көп болсын деп ойлаймыз. Өйткені мына жақта бала-шаға бар, отбасыларымен серуендейді", – деді аудан тұрғыны Нұргүл Баймахамбетова

"Саябақ құрылысы 3 кезеңге бөлінген. Былтыр 3,5 гектарға жөндеу жұмыстары бітті. Биыл 7,5 гектар жөнделді. Үш гектардай қалды. Келесі жылы абаттандыру жұмыстары бар", – деді Алатау ауданы әкімі Талғат Малыбаев.

Саябақ 2023-2024 жылдар аралығында іске асырылған. Абаттандыру аумағы 11 гектарды құрайды. Мұнда балаларға арналған орындар мен спорт алаңдары, жаяу жүргіншілер жолы жасалып, жарықтандыру желілері жүргізілген. Қазір қарасулықтардың сүйікті орнына айналған.

Келесі нысан – "Зерделі" спорт кешені. Жуырда ашылған орталықта бірнеше олимпиядалық спорт түрі бойынша жасөспірімдерді дайындайды. Бүгінде төрт ауысыммен 500-ге жуық бала жаттығуда. Алдағы уақытта тағы осындай екі кешен салу жоспарда бар. Алғабас шағынауданында 22 шақырым су құбыры мен 29 шақырым кәріз жүйелері тартылып, жол жабындысы аяқталған.

"Халық қатыстан бюджет" бойынша Алатау ауданында 2022 жылдан бастап 135-ке жуық жоба жасалды.  Ал 2025 жылы 50 жоба бар. Зерделідегі спорт кешені биыл бітті. Ол – аудандағы жаңа спорттық сауықтыру кешенінің бірі. Болашақта екі кешен саламыз деп жоспарлап отырмыз. Оның біреуі Қарасу ауданында салынады", – деді Алатау ауданы әкімі Талғат Малыбаев.

"№6 Олимпиядалық резервтегі балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі болашақтағы резерв дайындау мақсатында 7-14 жас аралығында балаларды спортпен қамтимыз. Қазіргі уақытта бокс, дзюдо, еркін күрес, грек-рим күресі, таеквандо, каратэ спорт түрі қамтылған", – деді спорт кешенінің маманы Айдана Түгелбаева.

Бүгінде қала тұрғындарының "Халық қатысатын бюджет" бағдарламасына қызығушылығы жоғары. Бұған жыл сайын жүзеге асып жатқан жобалар дәлел. Келер жылы бағдарламаға бөлінетін қаржы көлемі де ұлғаймақ. 2025 жылы жобаға 17 млрд теңге жұмсалмақ.

Олжас Омарбек, Ғани Қалуов

Оқи отырыңыз: "Челси" ойыншылары Алматыға келді: бүгінгі ойынды қайдан көруге болады

Новости партнеров