Халық қатысатын бюджет: Әуезов ауданында жоба қалай іске асырылып жатыр

12.08.2025 20:42

Биыл 8-шағынаудандағы көпқабатты үйлердің маңында орналасқан бос аумақта абаттандырылды

Алматының Әуезов ауданында қала әкімінің тапсырмасымен «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында абаттандыру жұмыстары жалғасып жатыр. Тұрғындардың OpenBudget порталы арқылы ұсынған 50 бастамасы жүзеге асырылып жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Биыл 8-шағынаудандағы көпқабатты үйлердің маңында орналасқан бос аумақта абаттандырылды. Негізгі жөндеу жұмыстары екі айдың ішінде аяқталыпты. Мұнда 1 400 шаршы метр асфальт жабындысы жаңарып, 27 жарық шам орнатылған. Жүздеген ағаш пен бұта отырғызылып, 1 100 шаршы метр көгал егіліпті. Сондай-ақ ұзындығы 16 метрлік орындық, әткеншектер мен ұзындығы бір шақырымнан аса автоматты суару жүйесі жасалған. Жобаға бюджеттен 67 миллион теңгеден аса қаражат бөлініпті. Шағынауданда жарты ғасырға жуық тұратын Элеонора Мамырбекованың айтуынша, бос жатқан жер бүгінде таптырмас демалыс орнына айналған.

«Екі айда жұмыс аяқталды. Бұл жер бұрын қоқыс болған. Енді балалар ойнап, демалуға болады», – деді қала тұрғыны Элеонора Мамырбекова.

Екінші нысан Пятницкий көшесі бойындағы алаңқай. Бұл жерде 680 шаршы метр асфальт және 220 шаршы метр тас жабыны төселді. Балаларға арналған ойын алаңы, әткеншектер, арнайы жабдықталған спорт аймағы, жаттығу құрылғылары және 20 метрлік орындық орнатылып, 30 ағаш егіліпті.

«Жұмысы да бітіп қалды, тек 6 метрлік жарық шамдарын орнату керек. Әкімдікке тапсырамыз», – деді мердігер компания өкілі Рауан Ахаев

Әкімдік өкілдерінің айтуынша, бүгінде «Халық қатысатын бюджет» аясында іске асырылып жатқан жобалардың жартысынан астамы аяқталған. Ал қалғаны осы айдың соңына дейін толық тапсырылады деп жоспарланған.

 «Бүгінде 50-ге жуық нысан дайын тұр. Оларды қабылдап, әрі қарай күтіп-ұстауға беру кезеңі қалды. Қалған аумақтарды тамыз айының соңына дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз. Өтінімдер жиі түседі. Көп жағдайда қандай жұмыстар атқарылатынын және оның қалай жүргізілетінін түсіндіруге тура келеді. Дегенмен, тұрғындардың қызығушылығы жоғары», – деді Әуезов ауданы Көгалдандыру бөлімінің бас маманы Ержігіт Досметов.

Мердігер компанияның мәлімдеуінше, жобалардың жоспарға сәйкес мерзімде аяқталуына көп күш жұмсалған. Әр нысанда 20-ға жуық маманнан тұратын жұмыс топтары еңбек етіпті. Жақын күндері жаңартылған аумақтар жергілікті тұрғындардың сүйікті демалыс орнына айналмақ.

Олжас Омарбек, Ялкунжан Әшімжанов

Оқи отырыңыз: Алматының Қарағайлы шағынауданында су және кәріз құбыры ауыстырылды