Алматының Қарағайлы шағынауданында су және кәріз құбыры ауыстырылды

Ықшамаудандағы инфрақұрылымды дамыту үшін 4 жоба қола алынған.

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматының Қарағайлы шағынауданында инженерлік инфрақұрылым 55 жылдан кейін қайта жаңарды. Нақтырақ айтсақ, Тәжиев көшесінің бойында 4 шақырым су және 2 километрге созылған кәріз құбыры жаңасына ауыстырылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қарағайлы шағынауданындағы инженерлік инфрақұрылымның тозуы көпшілікті көптен бері алаңдатқан. Сол себепті, аудандық әкімдік Энергетика және сумен қамтамасыз ету басқармасының тапсырысымен жобалық-сметалық құжаттама әзірлеп, құрылысты бастап кеткен. Жоспарға сай Тәжиев көшесінің бойындағы су мен кәріз желісі ауыстырылыпты. Қазір құбыр жаңарту жұмысы 100 пайызға орындалып қойған.

«Бұл жұмыстар су сүзгі стансасынан Щеголихина көшесіне дейін жалғастырылды. Жалпы ұзындығы 2,1 километрді құрайды. Бұл жерде аталған жұмыстарды жүргізу себебіміз су желілері 1970 жылдары салынған. Олар ескі және суды үздіксіз берумен қамтамасыз ете алмайды. Сондықтан да жаңа су, кәріз желілерін салу тапсырыс берілген болатын», – деді Наурызбай ауданы Инженерлік және жол инфрақұрылымы бөлімінің басшысы Ержан Төлендиев.  

Сала мамандары енді жол төсемесін жаңартуға көшпек. Бүгінге дейін көшенің бір бөлігінде асфальттың алғашқы қабаты салынып та қойған. Ал іске 11 арнайы техника, 27 адам жұмылдырылыпты.

«Асфальттың алғашқы қабатын төсеп біттік. Көшенің жалпақтығымен бірдей негізгі асфальт жабылады. Айдың аяғына дейін жұмыс аяқталады деп жобалап отырмыз», – деді техникалық қадағалаушы Жұмағали Тұраров

Қарағайлыда бүгінде 20 мың адам тұрады. Ал ықшамаудандағы инфрақұрылымды дамыту үшін 4 жоба қола алынған. Соның алғашқысы аяқталуға жақын. Бұл аумақта қоқыс жиналып, тазарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ал істің барлығы толығымен аяқталғаннан соң, мұндағы халық үздіксіз әрі сапалы ауыз сумен қамтамасыз етіледі.

  Рүстем Айткәрім, Думан Дәулетбақұлы

Оқи отырыңыз: Жамбыл облысында ауыл балалары ескі мектепте оқуға мәжбүр

Новости партнеров