Сонымен қатар өңірлерде 70-ке жуық денсаулық сақтау нысаны салынатынын мәлімдеді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында инфрақұрылымды жаңғырту және әлеуметтік маңызы бар нысандар салу жөніндегі жоспарларды жариялады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.
Президенттің айтуынша, Ұлттық қордың қаражатын жинақтау мен пайдалану арасында теңгерім сақталып, бөлінген қаржының экономикалық және әлеуметтік қайтарымы болуы керек. Сондай-ақ жобаларды жүзеге асыруға жергілікті шағын және орта бизнес өкілдерін тарту жоспарланып отыр. Құрылыс жұмыстары қатаң бақылауға алынады.
Мемлекет басшысы бірінші кезекте өңірлерде 70-ке жуық денсаулық сақтау нысаны салынатынын мәлімдеді. Олардың қатарында перзентханалар, ауруханалар, жедел медициналық көмек станциялары, балаларға арналған оңалту орталықтары және ерекше балалардың қажеттіліктеріне сай спорт залдары бар.
Бұдан бөлек, 50-ге жуық білім беру, спорт және мәдениет мекемесінің құрылысы басталады.
Сонымен қатар тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамытуға қомақты қаражат бөлініп, көптеген елді мекенге газ және таза ауыз су жеткізіледі. Үкімет жыл соңына дейін нақты жобалардың бастапқы тізімін әзірлеп, барлық өңірді қамтуы тиіс.
Қасым-Жомарт Тоқаев бұл ауқымды бастаманы «Халықтық құрылыс» деп атауды ұсынды.
Президенттің сөзінше, бағдарлама азаматтардың әл-ауқатын арттыруға, кәсіпкерлікті дамытуға және ұлттық экономиканы жандандыруға ықпал етеді. Сондай-ақ бастама жүз мыңдаған адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді.